Жолды жапқан Астана тұрғындарына 27,6 мың теңге айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада меншік иелері бірлестігі төрағасының әрекетіне наразылық білдіріп, жолды жауып тастаған тұрғындарға 27600 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.

«8 маусым күні Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұрғындардың жолды жауып тастағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Анықталғандай, азаматтар меншік иелері бірлестігі (МИБ) төрағасының жиналыс хаттамаларын бұрмалау әрекеттеріне келіспейтіндіктерін білдіріп, жолды жауып тастаған.
Тұрғындар жол қозғалысы ережесінің талабын өрескел бұзып, полиция қызметкерлерінің бұйрығын орындамай, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.

Салдарынан 9 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізіліп, олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 443-бабы (қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау) және 614-бабы (көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 8 АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Астана қаласының прокуратурасы заңды бұзу фактілеріне жол бермеуді, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын мүлтіксіз орындауды ескертеді және бұл талаптарды орындамаған немесе заңсыз әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.


Соңғы жаңалықтар