Жолды қысқартпақ болған: Жайық өзенінде мұз астына әйел түсіп кетті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзеніне батып бара жатқан әйел құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кешкі сағат 21:49-да Атырау қаласындағы «Элита» мейрамханасының тұсында белгісіз адам Жайық өзеніне батып бара жатқаны туралы шақырту түсті. Шақырту орнына жеткен жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен жедел кезекші суға батқан әйелді құтқарып қалды. Ол жолды қысқарту үшін өзеннің келесі жағалауына мұз үстімен өтпек болған. Құтқарылған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір 1979 жылы туған әйел аурухана дәрігерлерінің бақылауына алынды», -деп хабарлады Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан.

Жайық өзеніне батқан әйелді құтқаруға департаменттің 5 қызметкері мен 2 техника жұмылдырылды.

«Бір күнде Жайық өзеніне екі адамның батқаны тіркелді. Осыған байланысты тұрғындардан жұқа мұз үстімен өтпеуді ескертеміз. Өйткені, ауа райының жылынуына байланысты Жайық өзеніндегі мұз еріп жатыр», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Атырауда Жайық өзенінің мұзы жарылып, суға батқан ер адам құтқарылғанын жазған болатынбыз. Оны балық аулап отырған 2 адам көріп, құтқаруға ұмтылған. Олар суға батқан адамды қолдан жасаған қайыққа отырғызғанмен, өздері мұз ортасында қалып қойған. Құтқарушылар үш адамды құтқару үшін қайықты арқанмен тартып, жағаға шығарған.


Соңғы жаңалықтар