Жолдаудың жүзеге асуы: Әкім сайлауы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан бір жыл бұрын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әкімдердің сайлауын біртіндеп қолданысқа енгізудің алғашқы кезеңін бастау керектігі айтылған болатын. Сол бастама ойдағыдай орындалып, бір күнде 730 елді мекеннің әкімі тікелей тұрғындардың дауыс беруі арқылы қызметке кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

730 ауыл, 2300 үміткер

2021 жылғы 25 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21.00-де жарты жыл бойы жыр болған ауыл әкімдерін сайлау науқанының алғашқы кезеңі мәресіне жеткен еді. Басқаша айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында айтқан бастамасы 10 ай ішінде іске асты.

«Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», - деген еді Мемлекет басшысы бір жыл бұрын.

Ел тарихында алғаш рет республика көлемінде ұйымдастырылған әкім сайлауында 14 өңірдегі 1847 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда әкімдерінің өкілеттігі аяқталатын 730 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің басшысы болудан үмітті кандидаттар бақ сынады. 730 сайлау округіне 2582 кандидат ұсынылып, 2297-сі тіркеуден өткен болатын. Кандидаттардың басым бөлігі өз-өзін ұсынушылар болғанын да айта кету керек. Нақтырақ айтсақ, сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілген жаңа мүмкіндікті 1419 адам пайдаланған.

Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынды. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болуға талпынғандардың ішінде ер үміткерлердің саны – 1839, әйел үміткерлер саны – 458 адам болды.

Сайлау мерзімі жақындаған сайын науқанның ел өміріндегі, соның ішінде ауылды елді мекендердің дамуындағы рөлі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары қыза түсті. Оның үстіне ауылдық деңгейдегі әкім сайлауы өз жемісін берсе, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлау басталатыны айтылған болатын. Бұл да жергілікті халықтың науқанға жауапкершілікпен қарауына түрткі болса керек. Exit poll қорытындысы бойынша, әкімін тікелей өзі сайлауға мүмкіндік алған халықтың белсенділігі Алматы облысында ғана 66,5 пайыз болды. Қалған өңірлерде ауыл тұрғындарының 70 пайыздан 90 пайызына дейін сайлауға қатысқан.

Атап айтқанда, Ақмола обысында дауыс берушілердің 75,5 пайызы, Ақтөбе облысында – 79, пайыз, Алматы облысында – 66,5 пайыз, Атырау облысында – 74,4 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 90,9 пайыз, Жамбыл облысында – 90,7 пайыз, Батыс Қазақстан облысында – 81,4 пайыз, Қарағанды облысында – 75,8 пайыз, Қостанай облысында – 84,4 пайыз, Қызылорда облысында – 83,6 пайыз, Маңғыстау облысында – 82,4 пайыз, Павлодар облысында – 76,9 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында – 87,1 пайыз, Түркістан облысында – 77,1 пайыз болды.

Орталық Азиядағы алғашқы қадам

ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Жолдау арқылы өмірге жол алған бұл сайлау Орталық Азияның ешбір елінде болмаған тәжірибе екенін айтады.

«Шынымен де 25 шілде Қазақстанның тарихында тағы бір айтулы күн болып енді. Себебі Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып мемлекеттік басқарудың ең төменгі сатысында сайлау өткіздік. Бұл Орталық Азияның ешбір елінде болмаған тәжірибе», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол әкімдер сайлауы былтыр қабылданған саяси реформалардың нәтижесі әрі жалғасы екенін еске салды.

«Мысалы, Мәжіліс сайлауына үміткерлерді ұсыну тәртібіне әйел адамдар мен жастарға 30 пайыздық квота енгіздік қой. Бұл жерде ондай квота болмағанымен, бірнеше аймақтағы үміткерлердің тіркелуін талдау кезінде әйел адамдардың белсенділігін көрдік. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау облыстарында әйел үміткерлердің белсенділігі 30 пайыз шамасында болғанын көрдік. Яғни Парламент сайлауындағы әйелдердің белсенділігі әкім сайлауына да әсер еткен. Әйел адамдардың депутаттыққа емес, әкімдікке үміткер ретінде тіркелуі өте жақсы тенденция», - деді ҚСЗИ өкілі.

Алуа Жолдыбалина жазда өткен әкім сайлауы өңірлердегі саяси мәдениеттің әркелкі екенін көрсеткенін айтады.

«Менің байқағаным, өзін-өзі ұсынушылардың үлесі көп болды. Бірақ аймақтық ерекшеліктер бар. Ақтөбе, Жамбыл облыстарында өзін-өзі ұсынғандарды үлесі керісінше аз болды. Ал саяси партиялар көбірек үміткер ұсынды. Тағы бір ерекшелік, Атырау, Жамбыл облыстарында бір орынға орта есеппен 3,6 кандидаттан келді. Демек, бәсеке жоғары болған», - деген сарапшы әкімдер сайлауының алғашқы кезеңі сәтті өтті деуге болатын алғышарттарды атады.

«Кешегі сайлауға жұрттың қатысу деңгейі жоғары болды. 90 пайызға дейін жеткен өңірлер бар. Ең төмен көрсеткіштің өзі 75 пайыздың айналасында. Осылай болатыны болжанды да. Өйткені Парламент сайлауында да, Президент сайлауында да ауыл халқы қалалықтарға қарағанда өте жоғары деңгейде қатысады. Байқаушылардың мәліметі бойынша, сайлау кезінде сондай бір өрескел заң бұзу тіркелмеген. Сондай-ақ, қандай да бір арандатуға бағытталған әрекеттер, жалған ақпарат тарату болған жоқ. Осының бәрін ескеретін болсақ, кешегі әкім сайлауының алғашқы кезеңі сәтті өтті деп айтуға болады», - деді ҚСЗИ директорының орынбасары.

Ауыл бюджетінің бүйірі қалай толтырылады?

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының арасындағы құзыретті кезең-кезеңмен ажырату қажеттігін атаған болатын.

«Жергілікті өзін өзі басқару органдары болып саналатын жиындар мен жиналыстардың мәртебесін арттырған жөн. Аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдаған кезде олардың өзекті мәселелер туралы пікірін ескеруге тиіс», - деген болатын Президент бір жыл бұрынғы Жолдауында.

Биыл сол идеясын жалғастырып, 1 шілдеде өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Жергілікті өзін-өзі басқарудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдасын қабылдауды тапсырды.

Құжат жобасын Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп, 18 тамызда бекіттірді.

Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Байтөкенованың айтуынша, аталмыш құжат тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы қызметке келген әкімдердің адымын аштырып, жұмыс істеуін мүмкіндік береді.

Қазір осы тұжырымдаманы іске асыру үшін Сайлау туралы конституциялық заңға, Бюджет пен Салық кодекстеріне, Мемлекеттік мүлік, Құқықтық актілер, Қоғамдық кеңестер туралы және өзге де заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр.

Тұжырымдамада IV деңгейдегі бюджетті оңтайландырылып, бюджеттік бағдарламалар ірілендірілетіні айтылған. Бүгінде ауылдық округтерде бюджеттік бағдарламалардың 17 шығыс түрі қарастырылған.

Олар:

1) жергілікті әкім аппаратының жұмыс істеуіне кететін шығындар;

2) шаруашылық бойынша есепке алуды жүзеге асыру;

3) азаматтық хал актілерінің жазбасы жөніндегі қызметті қамтамасыз ету;

4) шұғыл жағдайларда науқасы ауыр адамдарды дәрігерлік көмек көрсететін жақын жердегі денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыру;

5) мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету;

6) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мемлекеттік тұрғын үй қорының сақталуын ұйымдастыру;

7) елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету;

8) жерлеу орындарын күтіп-ұстау және туған-туысы жоқ адамдарды жерлеу;

9) елді мекендерде көшелерді жарықтандыру;

10) елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру;

11) жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмысын қолдау;

12) аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау;

13) елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру;

14) жергілікті деңгейде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

15) жергілікті деңгейде дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу;

16) мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ауылдық елді мекендерді жайластыруды шешуге арналған іс-шараларды іске асыру;

17) аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетке трансферттер.

Яғни, жыл сайын ауылдық округ аппараты осы 17 шығыс түрі бойынша қаражатты жоспарлайды. Тұжырымдама жобасында осынша шығыс түрін 5 немесе 6 бағдарламаға жинақтап, ірілендіру көзделген.

Бұл «ірілендірудің» мәнін Анар Байтөкенова былай түсініреді.

«Мысалы, бюджеттік бағдарламада ақша үнемделіп, артық қаражат қалып жатса, оны басқа бюджеттік бағдарламаға бағыттау керек. Бұрынғы тәртіп бойынша ол үшін аудандық мәслихаттың сессиясында ұсыныс қолдау табуы керек. Ал жуықта бекітілген тұжырымдама осындай іс-әрекетті оңтайландыруға мүмкіндік береді. Яғни, кейбір мәселелер аудандық мәслихаттың сессиясын күтпей тезірек уақытылы шешілетін болады», - дейді департамент директоры.

IV деңгейдегі бюджетті енгізгеннен кейін тұрғындар төлейтін жер, көлік, мүлік, жеке табыс салығы және басқалары тікелей ауылдық округ бюджетінде қала бастады. Алайда бұл салықтар ауылға қажетті қаражаттың 13-14 пайызын ғана қамтиды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын одан әрі кеңейту үшін 2022 жылы бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің мынадай түрлері қосылады:

-бірыңғай жер салығы;

-жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы;

-жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;

-жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы.

Ал 2024 жылы мынадай салықтар мен төлемдерді беру жалғасады:

-су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы;

-жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;

-жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы.

Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу де көзделіп отыр. Жалпыға бірдей декларация енгізілгеннен кейін жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне салық салынатын кірістерден жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты беру мәселесі қаралатын болады.

Қысқартып айтсақ, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті коммуналдық меншіктен және көрсетілетін қызметтерді ұсынудан түсетін түсімдерден де қалыптасады.

Президент өз Жолдауында ауыл, ауылдық округ, аудандық маңыздағы қала мен кент әкімдеріне берілген осы мүмкіндіктің ел илігіне бағытталуын, оны тұрғындардың өзі қадағалап, реттей алуын қамтамасыз ету үшін жергілікті жиынның құзыретін арттыруды міндеттеген еді.

Жалпы жергілікті қоғамдастық жиыны заңнамада бұрыннан бар институт. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңда бұл органның құзыреті нақты белгіленген. Биыл қабылданған жаңа тұжырымдамада осы органның құзіретін ары қарай дамыту көзделген. Нақты айтсақ, ауылдық округте мәслихат сияқты орган құрылады. Ол «кеңес» деп аталады. Кеңестің мүшелерін халық тікелей сайлайды.

Қорытып айтсақ, былтыр Жолдауда айтылған бұл бастама биыл нақты іске асып отыр. Бұл бетбұрыстардың алдағы екі жылда жемісті жұмыс істеуі 2024 жылғы аудан әкімдерінің сайлауына жол ашатын тетік болмақ.


Соңғы жаңалықтар