Жолдауды іске асыруға Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсене қатысады - Жансейіт Түймебаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары республикалық қауымдастығының кеңейтілген отырысы өтті. Бұл жөнінде ассамблеяның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев қазіргі таңда ассамблея және оның құрылымдарының алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұрғанын айтып өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауында бірқатар бағыттарға баса мән беруіміз керек екендігін атап өтті. Аталған Жолдау ел өміріндегі шешілуін күтіп тұрған көп мәселелерді шешуге бағытталған маңызды құжат болды деп айта аламыз. Жолдауға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданды. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар оны іске асыруда. Бұл жұмысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсенді қатысады», - деді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қоғамдық процестердің дамуына ассамблеяның қандай үлес қоса алатынын тілге тиек етті.

«Жалпы, бүгінгі кездесуде осы мәселеден бөлек, ассамблея кафедралары, олардың жұмысын жаңа белеске көтеру ісі жан-жақты талқыланады деп ойлаймын», - деді ол.

Іс-шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова, ҚХА кафедраларының меңгерушілері, Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері және басқалар қатысты.

Соңғы жаңалықтар