Жолдаудан кейінгі өзгерістерді келесі жылдың бюджетіне енгізу керек - Владимир Божко

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко депутаттардың ҚР Президенті Жолдауын қалай жүзеге асыратынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Жолдауда айтылған мәселелер бойынша заң жобалары қарастырылып жатыр.

«Президенттің Жолдауын жүзеге асыруда депутаттық топтың алдында тұрған міндеттер айтарлықтай салмақты. Биыл еңбекақы мен зейнетақының көтерілуіне куә болдық, өзіміз де заңнамалық базаны жетілдіруге белсене қатыстық. Аз қамтылған жандарға қолдау көрсету мәселелері шешілді, жұмыспен қамту, бизнесті қолдау, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды оқытуға арналған «Бастау Бизнес» бағдарламасы жұмыс істейді», - деді В. Божко Астанада «Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен рөлі» атты ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Ол депутаттық корпустардың, әсіресе ҚХА атынан сайланған депутаттардың заң шығарушылыққа ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Қазір Президент айтқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы заң қабылдауымыз керек. Әзірге қарастырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар ензігу туралы заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Онда Президент Жолдауында айтылған ескертпелерді назарға аламыз. Одан бөлек, депутаттық топтың алдында үшжылдық бюджетті қабылдау міндеті тұр. Ең бастысы 2019 жылға арналған бюджет туралы заңды қарау. Президент Жолдауынан кейінгі барлық өзгерістерді келесі жылдың бюджетіне арналған Заң жобасына енгізуіміз қажет», - деді В. Божко.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады.

Соңғы жаңалықтар