Жолдаудағы жас таланттарды қолдау керектігі ерекше қуантады – ЖОО проректоры

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын ұсынды. Жолдаудан соң түрлі сала сарапшылары мен мамандары пікірлерін ортаға салып жатыр. Осы орайда Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Бибігүл Нүсіпжанова Жолдауға байланысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия халықтың өмір сүру салты мен деңгейіне қатты әсер етті. Салдарынан халық мемлекеттің қолдауы мен қорғауына мұқтаж болды. Осы сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында халық өз проблемасымен жалғыз қалмайтынын айқын көрсетті. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік ахуалын жақсарту жолында тың шаралар қолға алынбақ.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сәйкес келіп отырған Жолдауда қозғалған негізгі тақырыптардың бірі білім беру. Мемлекет басшысы жаңа мектептер салу, педагогтарды материалдық көтермелеу, олардың біліктілігін арттыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру, тегін техникалық және кәсіптік білім берумен толық қамту секілді жайттарға жеке тоқталып өтті», - деді Бибігүл Нүсіпжанова.

Сондай-ақ, спикер Мемлекет басшысы алға нақты міндет пен қатар жауапкершілік жүктегенін жеткізді.

«Өз кезегімізде Қазақ ұлттық хореография академиясы сапалы білім беруге ерекше көңіл бөледі. Орталық Азиядағы көп деңгейлі кәсіби хореографиялық білім беретін бірден-бір оқу орны бола отырып, біз Президент жүктеген жауапкершілікті сезінеміз. Біздің тәрбиеленушілеріміз қазақстандық өнерді бүкіл әлемге танытып, педагогтардың құлшынысы мен кәсіпқойлығының арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Осы тұста, Жолдауда айтылған жас таланттарды қолдау керектігі ерекше қуантады. Оларға жоғары оқу орындарына түсу үшін конкурстан тыс негізде гранттар беріліп, біржолғы ақшалай сыйлықақылар төленетіні де айтылды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар