Жолдаудағы педагогтар мәселесі халық қолдауына ие болды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Елбасы Жолдауында айтылған педагогтар мәртебесін көтеру мәселесі халықтың кең қолдауына ие болды. Бұл - бүгінгі күннің тамырын тап басқан оңды шешім», - деді Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектеп мұғалімі Зульфия Ағманова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

«Мемлекет басшысы Жолдауда «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» дей отырып, бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігін міндеттеді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ұстаздар қауымына үлкен міндеттер жүктейді. Оқу-ағарту саласының бүгінгі күн талаптарына толықтай сай болуы басты талаптың біріне айналды. Сондықтан осы бағытта біз нәтижелі жұмыс атқаруға күш салуымыз тиіс», - деді З.Ағманова.

Оның айтуынша, тағы бір айта кетерлігі, Елбасының орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу туралы пікірі жас ұрпақтың болашағын айқындауға жол ашады. Ол оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

«Елбасы өз Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртбесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтыны айтылған. Шынында да, бұл мәселе бүгінде өзекті мәселенің біріне айналған еді. Ендігі кезекте ондай кемшіліктерге жол берілмейтіні ұстаздар көңілінен толықтай шығып отыр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетіні айтылды. Ол мамандар дайындау мәселесінде өз септігін тигізетіні анық», - дейді З.Ағманова.

Соңғы жаңалықтар