Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына терең талдау жасалған – Ассамблея мүшесі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл Президенттің кешегі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, Президент дәстүрлі түрде еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалына терең талдау жасап, қол жеткен табыстарымызға объективті баға берді һәм алда тұрған белестерді айқындады. Және мұның бәрін әлемде бүгін қалыптасып отырған күрделі жағдаймен, жаһанды жайлаған пандемияның залалымен байланыстыра отырып, бұдан шығудың неғұрлым оңтайлы жолдарын саралай көрсетті.

«Этносаралық қатынастар мәдениетін одан әрі дамыта, нығайта беру – біздің саясатымыздың басты қырларының бірі дей келе, Президент осы үрдісті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек екендігіне салмақ сала айтты. Шынында да, бұл бүгін таңда күн тәртібінен еш түсіруге болмайтын мәселе. Бірақ осынау үрдістің өзегіне айналуға тиіс дүние – ол мемлекеттік тілді тиісті дәрежесіне көтеру ісін еш төмендетпеу екені белгілі. Қазақ тілінде сөйлеу – отаншылдықтың басты белгісі, деді Мемлекет басшысы. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында тұрған міндеттер де орасан зор және аталмыш институт сол міндеттерді жүзеге асыруда әлі де талай жұмыстар атқаруға тиіс екендігі орынды айтылды», - деді Ғосман Төлеғұл.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сол себепті де ел дамуының барлық саяси-экономикалық бағыттарының түпкі мақсаты халықтың әлеуметтік ахуалын барынша жақсарта беру. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының көлемі 60 мың теңгеге жетеді, жалпы аз жалақы алатын мамандықтар иелерінің айлық табысы өсе түседі деген мәлімдемесі көрермендер тарапынан зор қанағаттанғандық сезіммен қабылданғаны хақ. Мұндай деректер Президенттің баяндамасында аз болған жоқ.

«Әрине, кейін экономист-сарапшылар, саясаткерлер, қоғамтанушылар Жолдау бойынша өз пікірлерімен бөлісе жатар, ғылыми пайымдарымен оның әр қырын тереңдете түсер, халық санасына сіңіруге барынша атсалысар. Бұл өзі солай болуға тиіс шаруа ғой. Жалпы айтқанда Президент Жолдауы халықты куантқан маңызды құжат болды», - қорытындылады спикер.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.
Соңғы жаңалықтар