Жолдауда айтылған жұмыстар бірнеше жылға жоспарлануы қажет – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы Әсел Назарбетова Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының ҚР Парламенті сессиясының жаңа маусымының ашылуында жариялануы дәстүрге айналып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа саяси маусымды жаңа міндеттер, тапсырмалар күтіп тұрғанын, оларды жүзеге асыруға биліктің барлық тармақтары жауапты екендігін аңғартады. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйеніп, пандемияны толық жеңу үшін кемінде 2 жыл уақыт қажеттігін ескертті. Яғни Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар бір жыл көлемінде емес, бірнеше жылға кешенді жоспарлауды талап етеді», - дейді сарапшы.

Жолдауда көтерілген мәселелер мен пандемияда айқын көрінген мемлекеттік басқарудағы кемшіліктер мен қателіктер алынған сабақтар мен терең талдау барысында жүзеге асырылуы тиіс.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатынын, әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасатынын, саяси реформалар тереңдетілетінін алға тартып, еліміздің қазіргі геосаяси ахуалға бейімделіп, жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алатынын айтып өтті. Бұл үшін бірінші кезекте мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу, жаңа жағдайда экономиканы дамыту маңызды шарттар болмақ.

«Пандемия денсаулық сақтау, білім беру жүйесінің, халықтың әлеуметтік қорғалуының, адам құқықтары мен мүдделерінің сақталуының жаңа дейгейге көтеріліп, сапалық жағынан жетілуі қажеттігін көрсетті. Бұдан бөлек мемлекеттік басқарудың барлық салаларын цифрландыруға көшіру – кезек күттірмейтін талап, ең бастысы – цифрлық теңсіздік мәселесін өңірлік деңгейінде шешу қажет. Қорытынды бағыт ретінде Мемлекет басшысы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру міндетін қойды, бұл бағыттағы ой-тұжырымдар бірқатар басылымдағы сұхбаттарында айтылып келген болатын. Осы орайда экологиялық сана қалыптастыру да маңызды», - деді Әсел Назарбетова.


Соңғы жаңалықтар