Жолдау жүзеге асуда: Алматыда 173 мың адамның жалақысы көтеріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы кәсіпорындар Мемлекет басшысының жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы бастамасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, жыл соңына дейін кәсіпорындар 173 мың жұмысшының жалақысын көтеруге ниет білдірген. Олардың арасында жалақысы 50 мың теңгеден аспайтын мемлекеттік, жекеменшік құрылым еңбеккерлері де бар.

Қала әкімшілігі барлық бизнес құрылымдарымен, өнеркәсіп иелерімен, кәсіпорын басшыларымен Елбасының Жолдауында айтылған жалақы көтеру мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.

«Елбасының Жолдауына ең бірінші болып жүйеқұраушы ірі компаниялар үн қосты. 109 ірі кәсіпорын өз қызметкерлерінің 45 000 теңге деңгейіндегі айлығын 75 000-ға дейін көтеруге ынта білдірді. Жыл соңына дейін қаладағы барлық 400 жұмыс беруші осы бастаманы қолдайды», - делінген басқарма таратқан хабарламада.

Атап айтқанда, «Алматы көпір констуркциялары зауыты» ЖШС қызметкерлері енді 130 мың емес 175 мың теңге айлыққа қол жеткізді. Кейбір цехтерде жұмысшылар еңбегінің өтеуіне 250 мың теңгеге дейін алады.

Сонымен қатар, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ еңбекақы қорын қайта қарап, 50 мың теңге алатын жұмысшылардың айлығын 77 мың теңгеге көтермек.

«Әлмерек» фармацевтикалық компаниясы - 50 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін, «Рахат» кондитерлік фабрикасы АҚ - 83 мың теңгеден 90 мың теңгеге арттырды.

Сондай-ақ, кейбір жұмыс берушілер төмен айлық алатын азаматтар болмаса да, барлығының айлығын көтеруге дайын екендігін жеткізді. Мәселен, «Zeta Engeeniring» ЖШС айлықты 43%, «КазАвтоСтекло» ЖШС - 20%, «АСТ Эласт» ЖШС 17% көтермек.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарабаев халыққа арналған биылғы Жолдауында 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге өсіруді тапсырды.

Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар