Жолдау жүктеген міндеттер: Үкімет атқаратын жұмыс жоспарын таныстырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан кейінгі Үкімет отырысында әрбір министрлік мен Ұлттық банк тапсырмаларды орындау жоспарын таныстырды.

Осы орайда ҰБ басшысы Ерболат Досаев Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтаруға айрықша көңіл бөлетінін айтты.

«Инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша Жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленіп, келісудің соңғы сатысында тұр. Макроэкономикалық саясатты үйлестіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған келісіммен бірге бұл шаралар инфляцияның азық-түлікке жататын және азық-түлікке жатпайтын бөліктерінің монетарлық емес факторларын айтарлықтай төмендетуді қамтамасыз етуге, орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты қамтамасыз етуге тиіс», - деді ҰБ басшысы.

Бұдан бөлек, кешегі Жолдауда Президент ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударып, саладағы кемшіліктерге тоқталды.

Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауа райы факторларының ауыл шаруашылығы өндірісіне теріс әсерін болдырмау, сондай-ақ мал шаруашылығының азықтық базасын дамыту мақсатында егіншілікте нақты әртараптандыру ісі жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында оларды бақылаудың жаңа әдістері, тиісті мемлекеттік қолдау шаралары барынша пайдаланылатын болады. Сондай-ақ жайылымдарды түбегейлі және жеңіл-желпі жақсарту, сонымен қатар суландырудың барынша тиімді модельдерін қолдана отырып, жаңа жайылымдық жерлерді айналымға тарту арқылы жайылымдардың өнімділігін арттырудың жаңа тәсілдемелері әзірленіп, енгізіледі», - деді Е. Қарашөкеев.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы әзірленетін болады.

Аталған заң жобасын қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеуге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуына, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланатын болады.

Біріншіден, мемлекеттік монополия функцияларының бір бөлігін бәсекелі ортаға беру жоспарланып отыр, бұл осы салаға жеке капиталдың келуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, ветеринариялық қызмет жұмысы цифрлық форматқа көшіріледі, сол арқылы бір жағынан эпизоотиялық ахуалдың қадағалануы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал екінші жағынан, цифрландыру ветеринар мамандарды қағазбастылықтан босатып, негізгі функцияларын орындауларына мүмкіндік береді.

Үкіметте отырысында Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік өнімдері бағасы үшін бақылау функциясын өзіне алмақ.

«Екінші тапсырма – ол өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша тамақ өнімдерінің бағасын бірыңғай бақылау жөніндегі негізгі жауапты мемлекеттік органды айқындау және мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл регламентін әзірлеу. Осы тармақты іске асыру үшін министрлік Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, бір айлық мерзімде Сауда және интеграция министрлігіне өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеуді үйлестіру және бөлу жөніндегі уәкілетті органның функцияларын беру ұсыныстарын енгізеді», - деді Сауда және интеграция Ержан Қазанбаев.

Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин IT-мамандарды даярлау жұмысын түсіндірді.

Мемлекет басшысы Жолдауда Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау керек екенін айтқан болатын.

«Бүгінде елімізде IT-секторында кадрлардың айтарлықтай жоғары тапшылығы қалыптасты. Бұл экономикалық бәсекеге қабілеттілікке қолжеткізуге мүмкіндік бермейді», - деп тоқталды Б. Мусин.

ҚР Президентінің 100 мың жоғары білікті IT-маманды даярлау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында мынандай іс-шаралар орындалатын болады:

Біріншіден, жыл сайын жеке IT-мектептерде оқыту үшін IT-ваучерлер берілетін болады. Осылайша, жеке ақпараттық технологиялар мектептері нарығына қолдау жасалып, 2025 жылға дейін 20 мың IT-ваучер берілетін болады. Бұл шара барлық ниет білдірушілерге нарықта құрылатын жоғары дәрежелі IT-мектептерінде IT-мамандарын қайта оқытуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп IT-мамандықтары бойынша бағдарламаларды өзгертуге дайындық жүргізілуде. Үшіншіден, университеттермен ақпараттық технологиялар дағдылары бар салалық мамандарды даярлау мақсатында IT-мамандықтарды бейінді өндірістермен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізуде», - деді министр.

Үкімет отырысында білім саласына қатысты берілген тапсырмаларға ерекше мән берілді. Осы ретте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 мың жаңа мектепті салу қадамдарын түсіндірді.

«Біріншіден, 1000 жаңа мектеп құрылысы бойынша атап өтейін. Болжамға сәйкес 2025 жылы урбанизация мен туу деңгейінің өсуіне байланысты мекептерде қосымша 993 мың орынға қажеттілік пайда болады. Сондықтан орын тапшылығын болдырмау үшін 1 мың жаңа мектепті салу 4 негізгі механизм арқылы іске асырылады: мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі, жекеменшік мектептер желісін дамыту, модульдік мектептер салу», - деді министр.

Оның айтуынша, жоспарға сәйкес биылғы жылдың өзінде 200 жаңа мектеп іске қосылады. Келесі 4 жыл ішінде жыл сайын 200 мектеп салынатын болады. Жергілікті атқарушы органдар осы 1000 мектепті салу үшін қажетті жер учаскелерін алдын-ала бөліп, оның интерактивті картасын әзірлеуі қажет. Оған қоса 1500, 2000, 2500, 3000 оқушыға арналған мектептердің заманауи типтік жобалары дайындалмақ. Осы тапсырманың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу үшін арнайы электрондық портал іске қосылады.

Айтпақшы, толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру 2023 жылдан басталмақ.

«2022 жылы пилотты жобаны өткіземіз. Біз 2020 жылы барлық қала мектептерін жан басына қаржыландыруға көшірдік және оның оң нәтижесін көріп отырмыз. Біріншіден ол – әртүрлі өңірлердегі мектептерді қаржыландыру көлемін біршама теңестірді, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік беріп, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және білім беру саласына жекеменшік инвестициялар тартуға жағдай жасады», - деді А. Аймағамбетов.

Аталған қадамдар қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа алшақтығын да шешуге мүмкіндік беретін болады.

Бұдан бөлек, педагогтың кәсіби дамуының жаңа моделі құрылатыны айтылды.

«Педагогтардың біліктілігін арттыру кезеңін «үш жылда бір рет» болып қайта қарастыру бойынша тоқталсақ, осы тапсырма аясында педагогтың кәсіби дамуының жаңа моделі құрылады. «Білім туралы» Заңға қажетті өзгерістер енгізіледі. Президентіміз айтып көрсеткендей, педагогтар арнайы біліктілік курстарымен толығымен қамтылмай, өз қаражаты есебінен өтуге мәжбүр болған. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында педагогтар курстармен тегін қамтамасыз етілетін болады», - деді министр.

Атап айтқанда, Жолдау аясында халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын ынталандыру қадамдары артатын болады.

«Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдау бойынша тоқталсақ, оларға конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант беру мәселесін заңнамалық түрде реттейміз. Сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын ынталандыру және қолдау мақсатында алтын медальға 1500 айлық есептік көрсеткіш - биыл ол 4,5 млн теңгеге жуық, күміске – 1000, қолаға – 500 айлық есептік көрсеткіш ақшалай бірмезгіл сыйлықтарын тағайындау жоспарлануда», - деді ведомство басшысы.

Жеңімпаздарды дайындаған педагогтер мен тәлімгерлерге тиісті біржолғы қаржылай сыйақы беру көзделген.

Асхат Аймағамбетов университеттерге қатысты қандай өзгерістер болатынын да жариялады.

«Оқу бағдарламаларын бейімдеу мақсатында инновациялық бағдарламаларды жобалау мен әзірлеу, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар артады. Осы мақсатта «Білім туралы» Заңға, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылады», - деді министр.

Осы орайда:

- ЖОО үшін лицензиялардың қолданылу мерзімін белгілеу;

- лицензияларды қайта ресімдеуді тек талаптарға сәйкестігін анықтағаннан кейін ұйымдастыру;

- ЖОО-лардан лицензияларды қайтарып алу жөніндегі функцияларды министрлікке беру;

- ЖОО жабылған жағдайда білім алушыларды ауыстыру бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін құрылтайшылардың жауапкершілігін белгілеу сияқты шаралар қабылданады.



Соңғы жаңалықтар