Жолдау жүктеген міндеттер: Түркістанда мемлекеттік қызмет мектебі ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН.  ҚазАқпарат - Түркістандағы  Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Бұған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мұрындық болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектептің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев пен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Әбдірәсілов, «Сырдария» университетінің ректоры Серік Дайырбеков және студенттер қатысты.

Департамент басшысының айтуынша, Елбасы еліміздің кемел болашағы жастармен байланысты екенін ескеріп, 2019 жылды - Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.

Атап өтілгендей, жаңадан ашылған мемлекеттік қызмет мектебінің мақсаты - мемлекеттік қызметке ең мықты, білімді, білікті, патриоттық сезімі жоғары жастарды тарту болмақ. Ол үшін агенттік тарапынан қолдау көрсетіліп, жастарды мемлекеттік қызметке орналастыруға ықпал жасалады.

Өз кезегінде оқу орнының  президенті Болатбек Әбдірәсілов агенттік тарапынан  студенттерді қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ЖОО-дан аталған мектепке ең лайықты студенттер іріктелгенін атап өтті.

Мемлекеттік қызметшілер мектебінің ашылу салтанатынан кейін университет пен Мемлекеттік қызмет істері департаменті арасында  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қазан айындағы Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін атап өте келе, келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.

Сондай-ақ Елбасы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетіне бірлесе отырып, мемқызметшінің кәсібилігін арттыратын бағдарлама әзірлеуді жүктеді.

Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғамның арасындағы қашықтықты қысқартуы тиіс. Бұл - тұрақты түрдегі кері байланыс, қызу талқылау, адамдарға нақты қадамдар мен нәтижелерді түсіндіру.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қол қусырып отыратын мемлекеттік қызметшілерді қатаң сынға алды.

 

 

Соңғы жаңалықтар