Жолдау: Жас маманның елге адал қызмет ету - қасиетті парызы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Елге адал да қалтқысыз қызмет ету - қасиетті парыз. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Арайлым Ғани өз пікір-пайымын былайша білдірді.

Оның айтуынша, елімізде мемлекет тарапынан жастарға ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.

Мемлекет басшысының әр Жолдауы - Қазақстанның кемел келешегін бағдарлап, еліміздің жаңа көкжиектерін белгілеуімен құнды.

- Елбасымыз биылғы 5 қазанда жариялаған Жолдаудың өзіме ерекше ұнаған тұсы - келесі жылды Жастар жылы деп жариялауы. Енді, міне, Жастар жылы арнайы Жарлықпен бекітіліп отыр, - деді Арайлым Ғани. - Кезінде Абай, Шәкәрім, Міржақып, Ахмет, Мағжандардың  жастарға артқан сенімі - бүгінгі біздер. Әр жас маман өзінің қалаған мамандығы бойынша елге қызмет етеді. Өзім биылғы жылы             М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультеті, «Филология: қазақ тілі» (журналистикаға бағытталған)  мамандығын тәмамдап, диплом алғаннан кейін тура екі күннен соң, «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіндегі (Орал қаласы) мемлекеттік тіл және ақпарат тобының баспасөз хатшылығына қызметке тұрдым.

- Арайлым, оқу орнын бітіргеннен кейін бірден жұмыс табу да қуаныш қой, қазір жаңа ортаңа бейімделіп кеттің бе?

-Иә, Ақтөбе өңірінің тумасы болғаныммен, Орал қаласында алғашқы еңбек жолымды бастағаныма қуанамын. Бұл сәт өмірімдегі ең бақытты кездерімнің бірі болып қалды. Себебі, дипломды ала сала, мамандық бойынша жұмыс жасау өзім үшін де, ата-анам үшін де абыройлы іс болды. Өзім секілді бұл қызметте жасайтын біршама жастарды кезіктірдім. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі - өлім мен өмір үшін күрес. Өртке оранған тұрғын үй, ондағы ана мен бала өмірі, біреудің  күн көріп отырған мал-мүлкі, талай жылғы бабасынан қалған шаңырағының отқа орануын көру өрт сөндірушілердің жүрек тұсын шымырлатпай қоймайтыны сөзсіз. Алайда, олардың қолынан келетіні - қызыл жалыннан тіршілік иесін аман алып қалу ғана. Мұндай арпалыс кезінде олардың өз отбасыларына аман оралатынына ешкім кепілдік бере алмайды.  Міне, осындай қиын да қауіпті саладағы еңбек жолын өзіммен бірге Көкшетау техникалық институтын бітіріп келген биылғы түлектер де бастаған еді. Бүгінде бәріміз өз қызметіміз бен міндетімізді атқарудамыз. Олар КТИ-ді үздік бітіріп, Елбасы қолынан арнайы атақ алып, сол еңбегінің жемісін көре бастады. Өйткені еліміздің қарыштап дамуында Елбасының үміт еткен көзінің нұры - біздер, жастар. Қазақстан Республикасы  Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институты - еліміздегі құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғарғы оқу орны. КТИ «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша сырттай және іштей оқу түрінен өрт қауіпсіздігі бакалавры біліктілігін беру арқылы жоғары кәсіби мамандарды даярлайды. Бұл оқу орнын тәмамдаған түлектер әрі қарай ТЖ органындарында және бөлімшелерінде қызметін жалғастыру үшін жолдама алады.  Білім мен тәжірибені жинақтап, елге адал, қалтқысыз қызмет ету - біздің қасиетті парызымыз. Елбасының осынау Жолдауы мен 2019 жылдың Жастары жылы деп жариялануы елдің ертеңгі күні үшін тереңнен толғанып, жастардың білекті сыбанып қызмет ететін уақытының келгенін көрсетеді.

«Ата-баба аңсаған қуатты елдің қақпасын құратын біздер.
«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық», - деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлағандай, арам, айласыз, таза біліммен, жігер-ынтамен, тың идеяларымызбен еліміздің өсіп-өркендеуіне сіз бен біз болып атсалысайық, замандас! дегім келеді», деп түйіндеді ойын А.Ғани.

Соңғы жаңалықтар