Жолдау міндеттері: Жаңа құс фабрикасы экспортты арттыруға күш салмақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Жолдауында еңбек өнімділігін ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру тапсырмасын берген болатын. Осы орайда, Ақмола облысындағы Макинск құс фабрикасы құс етінің экспорттық әлеуетін арттырып, ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыруға септігін тигізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұланды ауданында ашылған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС жылына 50 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Бұл - қуаттылығы, техникалық жабдықталуы және инвесторлардың құрамы жағынан бірегей жоба. Инвесторлар қатарында «Aitas KZ» АҚ, Еуропа қайта құру және даму банкі, Baiterek Venture Fund венчурлық қоры бар, ал кредиторы - «Қазақстан даму банкі» АҚ.

Фабриканың бірінші кезеңі тоғыз өндірістік алаңды қамтиды. Олар -  әрқайсысында он екі құс қорасы бар төрт бройлерлік инкубатор, құс етін өңдеу зауыты, қалдықтарды қордаландыру желісі, қосалқы алаң, жемшөп өңдеу цехы. Фабрика ашылған бойда инкубаторларға алғашқы 300 мың жұмыртқа салынды. Бірінші кезеңнің қалған алаңдары биылғы жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Екінші кезеңнің жұмысы 2020 жылдың екінші жартысына межеленіп отыр.

Макинск құс фабрикасы тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азия өңірінде ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ.

Кәсіпорынның БАҚ-пен байланыс және PR менеджері Малика Бөлдекбаеваның айтуынша, маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, аталған жоба Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға септігін тигізбек.

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бұл, жылына 25 мың тонна құс етін өндіру жөніндегі жобаның алғашқы кезеңі. Фабрика толық қуатына шыққан кезде еліміздегі құс еті импортының үштен бір бөлігін жабады.

«Бұл - құс етін өндірудегі еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. Жобаны іске қосу жергілікті өндірістің және құс еті экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - дейді Малика Бөлдекбаева.

Кәсіпорын ең алдымен, Ақмола облысы мен Астана қаласының сауда сөрелерін сапалы құс етімен және жұмыртқамен қамтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан Макинск қаласындағы жұмыссыздықты жоюға септігін тигізеді. Өйткені, құс фабрикасы толық қуатына шыққан кезде тұрақты 700 жұмыс орны ашылатыны жоспарланған. Оған қоса, Бұланды ауданының қуат көздерімен және сумен жабдықталу жүйесін нығайтады, сондай-ақ өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етеді.

Сонымен қатар, Малика Бөлдекбаева стратегиялық жоспарда 2023 жылы 100 мың  тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының ІІІ кезеңін іске қосу көзделгенін айтты.

Бұл мақсатта қосымша 100 миллион доллар инвестиция салу көзделген. Оған қоса, орта мерзімді перспективада компания ІPO-ға шығу мүмкіндігін қарастырып отыр. Жалпы , фабрика Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының нарықтарына бағдарланған.

null 

«Ең алдымен, Астана мен Қарағанды қалаларына өндірілетін тауық етінің 60 пайызына дейін өткізу жоспарда бар», - деп түйіндеді Малика Бөлдекбаева.

Макинск құс фабрикасы «Қазақстанның бәсекеге қабілетті көшбасшылары - ұлттық жеңімпаздары» атты 30 өндірістің құрамына енген Өскемен құс фабрикасының өндірісін жалғастырып отыр. Ет өнімдерін өңдеу бойынша кешеннің толық қуатына шығуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналатыны сөзсіз.

Айта кетейік, Елбасы соңғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің бар әлеуетін жүзеге асыру керектігін қадап айтқан болатын. Ондағы негізгі міндет - еңбек өнімділігін ұлғайту, 2022 жылға қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру.

Соңғы жаңалықтар