Жолдау міндеттері: Білім мекемелеріндегі жылу қазандықтары сеніммен басқаруға берілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы білім беру мекемелеріндегі жылу қазандықтары мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жекеменшік компанияларға сеніммен басқаруға берілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар - мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет», деп атап өткен болатын. Бүгінгі күні бұл міндеттер Ақмола облысында да ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Ақмола облысы білім басқармасының дерегі бойынша, 2017 жылы Целиноград ауданында алғашқы болып, әлеуметтік нысандардағы жылу қазандықтары мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде «ЦТК» ЖШС-не 15 жыл мерзімге сеніммен басқаруға берілді. Осының арқасында ауданда бюджеттің 25 миллион теңге қаржысы үнемделген.

Целиноград аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтың айтуынша, мектептер мен балабақшалардағы жылу қазандықтарын жекеменшік компанияларға сеніммен басқаруға беру білім беру мекемелері басшыларын басы артық шаруадан босатып отыр.

«Білім беру мекемелеріндегі автономды жылу қазандықтарының барлығы «ЦТК» ЖШС сеніммен басқаруға берілді. Бұл мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне тек білім беру және бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуына мүмкіндік береді. Енді олар көмірмен қамтамасыз ету, қазандықтарды жөндеу және отжағушының айлығын төлеу сияқты шаруаларға бас қатырмайды. Өткен жылы жылу беру маусымын ойдағыдай өткіздік, биыл да солай болады деп ойламын», - дейді  Қанат Ахметов.

Мектеп директорлар болса, иықтан ауыр жүк түскендей болды деп отыр.

«Бұрындары қатты аязды күндері мұғалімдер кезекшілік ететін еді. Қазір оған оған бас қатырмайды. Мектеп жылы,   мұғалімдер алаңсыз сабақтарын өткізеді», - дейді Талапкер ауылының мектеп директоры Сағымбала Әбеева.

Өткен жылы Целиноград ауданы бойынша 8 мектеп пен 4 мәдениет үйінің қабырғасында орналасқан 11 жылу қазандығы сыртқа шығарылды. Бөлек орналасқан қазандық бір жағынан қолайлы болса, енді бір жағынан оқушылар үшін қауіпсіз.

Ал, биыл 2018 жылы Бұланды, Зеренді және Шортанды аудандарындағы білім беру мекемелеріндегі автономды жылу қазандықтары мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде сеніммен басқаруға беріліп отыр. Бұл мемлекеттік бюджетке 70-90 миллион теңге қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Ақмола облысы білім басқармасындағылар өңірде барлығы 560 мектептің барын айтуда. Алдағы жылы облыстың өзге аудандарындағы барлық мектептер мен балабақшалардағы жылу қазандықтары мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жекеменшік компанияларға 15 жылға мерзімге сеніммен басқаруға беру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар