Жолдау: «Made in Kazakhstan» брендімен экологиялық таза өнімдердің экспортына көшу қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. 

Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екендігін айта келе, еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айнала алатынын атап өтті.

«Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс.

Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін  Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін:

біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;

үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;

төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;

бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;

алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек», - деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды.

Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.

 

Соңғы жаңалықтар