Жолдау халық пен билік арасындағы алшақтықты азайтады – Зәкіржан Мамлютов

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы «QZ MEDIA PORTAL» медиа агенттігінің директоры Зәкіржан Мамлютовтың пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы халыққа үміт сыйлап, олардың билікке деген сенімін қайтаруы мүмкін. Журналист алған әсерімен ҚазАқпарат тілшісімен бөлісті.

«Осы жолғы Жолдауды шабыттана тыңдадым. Өйткені коронавирус пандемиясынан кейін елдегі көптеген мәселелердің беті ашылды. Бұған дейін айтылмай келген, көрсек те көрмегендей болған мәселелермен бетпе-бет келдік. Маған, бұрынғы спортшыға, алдымен Президенттің кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтату керек дегені ұнады. Бұл өте дұрыс, оларды коммерциялық ұйымдар ұстап, мұндай клубтар өздері қаржы табуы қажет. Одан да қомақты сомаға бұқаралық, балалар спортын дамытып, аулаларда спорт алаңдарын салған дұрыс», - дейді Зәкіржан Мамлютов.

Журналистің пікірінше, бұл жолғы Жолдау індеттен кейін сенімсіздік пайда болған халыққа күш бергендей болды. Мемлекет басшысы әр мәселеге жеке-жеке тоқтап, қолайсыз жағдайдан шығу жолдарын көрсетті.

«Жинақтаушы зейнетақы қорынан 30-40 жылдан кейін емес, қазіргі уақытта ақша шешуге болатындығы қуантты. Қазақстандықтарға бұл ақшаны белгілі бір мақсатта жұмсауға мүмкіндік туып отыр. Осы жинаған қаражатымызға қатысты қаншама сыбайлас жемқорлық дауы туғаны бәрімізге белгілі. Енді ол ақшаны өзіміз тиісінше жұмсай аламыз. Мәселен, банкке салып, пәтер алуға болады немесе оқудың ақшасын төлеуге, емделуге жұмсауға болады. Мен үшін бұл өте жақсы жаңалық», - дейді журналист.

Зәкіржан Мамлютовтың айтуынша, елдегі білім беру саласы соңғы уақытта сыннан көз ашпай келеді.

«Президент өз сөзінде білім беру реформасының жалғасатынын айтты. Соның ішінде шалғай ауылдарды интернетпен қамту. Менің ойымша, қазір осы салада жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтижесін береді. Алайда қатаң бақылау қажет.

Петиция туралы идея ұнады. Енді біз қазақстандықтар демократиялық қоғамдастық ретінде өз пікірімізді арнайы құрылған платформаларда білдіре аламыз. Егер де бір мәселеде пікір білдіргендер саны 50-100 мыңнан асып кетіп жатса, онда біздің үнімізге құлақ асатын болады», - дейді агенттік директоры.

Зәкіржан Мамлютов «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып, үміткер ретінде тіркеуден өтті. Оның қазіргі мәслихат депутаттарының жұмысына көңілі толмайды. Қоғам белсендісінің сөзінше, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

«Мәслихат депутаттарын көпшілік біле бермейді. Олар қоғамнан алшақ, не істеп жатқандары белгісіз. Сол себепті депутаттарға халық сене бермейді. Президент айтқандай, мәслихат депутаттарының қатысуымен онлайн жиындар өтетін болса, оларды сайлаушылар таниды, сайлауалды уәделерін қалай орындап жатқанын білетін болады», - дейді ол.

Зәкіржан Мамлютов Жолдауда айтылған Үкіметке жүктелген міндеттер халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтады.

«Жалпы, Президенттің айтқандары, жоспарлары маған ұнады. Енді сол қойылған міндеттердің ең болмағанда жартысы орындалатын болса, біздің өмір сүру деңгейіміз жақсарады. Бұған дейін еліміз тоқырауды бастан кешіріп жатыр, еш өзгеріс жоқ деген пікірлер қалыптасты. Халық пен билік арасы алшақтап кеткендей болды. Осы Жолдау арқылы ол ара қашықтық қысқарады деп ойлаймын. Халық – биліктің қайнар көзі. Осыған сәйкес елде қандай істер қолға алынбасын ол ел игілігі, қарапайым халық үшін жасалуы тиіс», - деп сөзін қорытындылады «QZ MEDIA PORTAL» медиа агенттігінің директоры Зәкіржан Мамлютов.


Соңғы жаңалықтар