Жолдау-2021: Президент тапсырмалары қалай орындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 1 қыркүйекте «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты халыққа кезекті Жолдауын жариялаған еді. Президент Жолдауында пандемия салдарынан теңселіске түскен ел экономикасын нығайту, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, аграрлық секторды дамыту, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшы, кітапханашы және техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалардың жалақысын алдағы төрт жылда 20 пайыздан өсіріп отыру секілді мәселелерді қозғады. Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшер шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру туралы да осы Жолдауда айтылды.

Айналдырған жарты жыл ішінде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бірқатар мәселе шешімін тауып үлгерді. 16 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы жарияланады. Осыған орай былтырғы Жолдауда берілген тапсырмалардың қалай орындалғаны туралы ҚазАқпарат сарапшысының шолу материалында.

Ең төменгі жалақы мөлшері өсті

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруды тапсырған еді. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өспеген. Президент коронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер еткенін, оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елінен артта қалып қойғанын атап өтті. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсті, ал айлық есептік көрсеткіш 3063 теңгеге дейін артты. Бұрын ол 2917 теңге болған еді. Бұл шара миллионнан астам адамға тікелей, ал еңбек етіп жүрген жандарға жанама әсер етеді.


Осыған байланысты зейнетақы 7 пайызға, ал базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы 5 пайызға артқанын атап өткен жөн.

Білім, денсаулық және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы артты

Мемлекет басшысы Жолдауда 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өскенін атап өтті. Алайда оның айтуынша, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Сол себепті ол мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілерінің жалақысын өсіруге тапсырма берген еді.

«2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», - деді Президент өз Жолдауында.

Осы орайда, 1 қаңтардан бастап кітапханашы, бухгалтер, зертханашы және білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен алғанда 20%-ға артты және Президент Жолдауы шеңберінде әрі қарай жыл сайын өсіп отырады.

Сонымен бірге жыл басынан бері әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың жұмыскердің лауазымдық жалақысы 25%-ға артты. Бұл өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері) қатысты.

Сонымен қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биылғы 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждердің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға артты.


«Мұғалімдердің еңбекақысын арттыру - ел болашағына үлкен инвестиция. Биылғы қаңтар айынан бастап Президент тапсырғандай, барлық педагогтер жоғарыланған жалақы алатын болады. Сонымен қатар жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады. Бұл – біліктілік санаты (лауазымдық жалақының 30%-нан 50%-на дейін), магистр дәрежесі, ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін төленетін үстемеақылар болып саналады», - деп атап өтті ҚР білім және ғылым бірінші вице министрі Шолпан Қаринова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде.

Бұдан бөлек 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30%-ға артқанын атап өткен жөн.

«Кәсіби біліктіліктер туралы» заң жобасы әзірленді

Мемлекет башысы өз Жолдауында пандемия еңбек нарығын едәуір өзгерткенін, оның қашықтан жұмыс істеу тәсілін қарқынды дамытқанын атап өткен еді. Көптеген жаңа кәсіп түрі пайда болып, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрлануда. Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркім бәсекеге қабілетті бола алады. Сондықтан ол «Кәсіби біліктіліктер туралы» заңды әзірлеуге тапсырма берді. Оның сөзінше, бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек.

Осы тұста Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі. Олар Ұлттық біліктілік жүйесінде белгілі бір кәсіп түрін немесе еңбек қызметінің түрін жүзеге асыруға үміткер жеке тұлғаның кәсіптік біліктілігін тану тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Заң жобасын дайындағандар онда кәсіптік біліктіліктерді танудың екі тәсілі көзделгенін айтады. Алғашқысы - міндетті негізде, ҚР салалық заңнамалық актілерінде белгіленген қолданыстағы тәртіп негізінде жүргізіледі. Екіншісі - ерікті негізде, өз бетінше және (немесе) жұмыс берушінің жолдамасы бойынша өтініш жасаған, белгілі бір қызмет түрін, еңбек қызметін жүзеге асыруға үміткер кандидатты сертификаттау жолымен жүргізіледі. Сонымен қоса заң жобасында кандидаттардың кәсіптік біліктіліктерді тану рәсімінен өту құқықтары, кәсіптік біліктіліктерді ерікті негізде тану шарттары мен тәртібі айқындалған. Бұдан басқа кәсіптік біліктіліктерді тану жүйесіне ерікті негізде кіру үшін бірқатар ынталандыру шарасы көзделген.

Министрліктің хабарлауынша, заң жобаларын қабылдау қызметкерлерге, жұмыссыздарға және ізденушілерге тез әрі сапалы жұмысқа орналасуға және жоғары табыс табуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы деңгейінің нақты тәуелсіз бағасын ала алады, білікті мамандарды жалдай алады және еңбек өнімділігін арттыра алады.

60 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағын «Отбасы банкіне» аударды

Бұдан басқа Мемлекет басшысы Жолдауында зейнетақы жинағының жеткілікті шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, бұл қадам жұрттың қаражат жинау және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақстандықтар зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін «Отбасы банкіне» аударуға мүмкіндік алды. Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 наурыздағы жағдай бойынша 62 мың азамат зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін «Отбасы банкіне» аударған.

«Жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының көмегімен 62 мың қазақстандық Отбасы банкіндегі депозиттерін жалпы сомасы 107 млрд теңгеге толықтырды. Күн сайын біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) банктегі жинақ шоттарына 1 мыңға жуық адам аударады, ондағы орта сома 1,7 млн ​​теңге»,-делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Enpf-otbasy.kz платформасының іске қосылғанына бір жыл болды. «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, осы уақыт аралығында 600 мыңға жуық қазақстандық жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге тең БЗТ-ін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына жұмсаған.

Еске салайық, биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің мөлшері өседі.

Зейнетақы жинақтарының шекті межесі


БЗТ-ін бұрынғы шарттармен пайдалану үшін қазақстандықтар 2022 жылдың 28-29 наурызына дейін платформада өтініш қалдыруы қажет. Банк өтінішті 2 күн ішінде қарап, БЖЗҚ-на жібереді. БЖЗҚ 2022 жылдың 31 наурызына дейін қабылдаған өтінімдер бойынша БЗТ 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін жарамды шекті мәндерге сәйкес аударады.

***

Жалпы шолу материалды дайындау барысында Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларының біразы орындалғанына көз жеткіздік. Оған жоғарыда атап өткен халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартып, экономикалық жағдайын жетілдіру мақсатында жасалып жатқан шаралар дәлел бола алады. Бір ғана білім, әлеуметтік және денсаулық саласында жұмыс істейтін қызметкерлер жалақысының артуы бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді. Ал Жолдауда көтерілген кей дүниелердің ұзақмерзімді екенін ескерсек, бірқатар проблеманың шешімін табуы үшін уақыт керек екенін есте ұстаған абзал.

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар