«Жолда қабылдау»: СҚО-да полицияның мобильдік пункттері екі күнде 400-ден астам сұраққа жауап берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кезекті «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтіп, екі күннің ішінде тұрғындардан 400-ден астам сұрақ түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13-14 қыркүйек жұма және сенбі күндері әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметтерінің тәжірибелі қызметкерлері ашық аспан астында азаматтарды қабылдады. Аудандық бөліністердің қызметкерлері де акция барысында тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Акцияның бірінші күнінде негізгі мобильдік пункт Уәлиханов көшесі, 56 мекенжайындағы Сity Мall сауда үйінің жанында қойылды. Акцияға әдеттегідей қызметтердің басшыларымен бірге Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев та қатысты. СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің адалдық және превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибуллин де жауап берді.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін полиция қызметкерлері «Аулаларда қабылдау» форматында да жұмыс істеді. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарды алдын ала акция жайында хабардар етті. Сұрақтар негізінен үй шаруасындағы әйелдер мен зейнеткерлерден келіп түсті. Сақшылар олардың әрқайсысына ішкі істер органдарының құзыреті шеңберінде жауап берді.

Ал сенбі күні полицейлер таңғы сағат 9.00-дан бастап Қазақстан Конституциясы көшесі мен Әуезов көшелерінің қиылысында азаматтардың сұрақтарына жауап берді. СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспановтың айтуынша, тек акцияның алғашқы күнінде облыс полицейлері 169 сұрақты қараған. Олардың 29 – жол қозғалысына, 26 – көші-қон заңнамасына, 19 – көлікті тіркеуге қатысты болған.

Адамдарды барынша қамту үшін полицейлер Instagram мен Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфирлер ұйымдастырды. Азаматтарды әсіресе көші-қон қызметі, қаруды сақтау мен тіркеу, джиптердің техникалық байқаудан өтуі және жалпы жол қозғалысы бойынша сұрақтар қызықтырды. Әр тұрғын тыңдалып, толыққанды жауаптар берілді.

Акцияның екі күнінде тәртіп сақшыларына 400 астам сұрақ келіп түсті.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, «Жолда қабылдау» акциясы жыл басынан осымен алтыншы рет ұйымдастырылды. ҚР ІІМ бастамасымен аталмыш акция сәуір айынан бастап жаңаша форматта өткізіліп келеді.



Соңғы жаңалықтар