«Жолда қабылдау»: Ел аумағында 280 жедел топ азаматтарға кеңес беріп, мәселелерін шешуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республикамыздың түкпір-түкпірінде «Жолда қабылдау» акциясының екінші кезеңі басталды. Бұл - полицияның азаматтармен өзара байланыс жасауда жаңа модельге көшуінің бір бағыты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша тұрғындармен кері байланыс орнату үшін бүгін еліміздің барлық өңірінде «Жолда қабылдау» жедел акциясы өз жұмысын бастады. Бұл акция көптеген өңірлерде облыстық полиция департаменттері бірінші басшыларының тікелей қатысуымен басталды.

Айталық, Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Қарағанды қаласының тұрғыны Жанат Арықбаевтың жеке секторлар орналасқан Ермеков көшесіне жылдамдықты шектеу туралы жол белгісін қоюға қатысты бірінші сұрағына жауап беріп, бұл мәселені қысқа уақыттың ішінде шешу жөнінде тапсырма берді. Акция аясында облыстың аудан орталықтарында, қалаларда 19 жедел топ жұмыс істеуде.

Ал Алматы облысының тұрғындары полиция басшысы Мұрат Ұрымхановқа көші-қон, лицензиялық-рұқсат беру жүйесі және жол қауіпсіздігі саласына қатысты сұрақтар қойды. Облыста 24 жедел топ белсенді жұмыс атқарып отыр.
null

Республика аумағында азаматтарды қабылдайтын барлығы 282 жедел пункт іске қосылған. Осы пунктілерде тұрғындар инстанцияға бармай-ақ, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, қажетті түсініктемелер алды. Сондай-ақ өз мәселелерін шешіп жатыр.

Айта кетейік, министрдің тапсырмасы бойынша өңірлік ішкі істер органдары осындай акцияны ай сайын өткізіп тұратын болады.

Аталған іс-шараның өткізілетін орны және «жедел желінің» телефон нөмірлерін ІІМ-нің ресми порталынан, сондай-ақ +7 (7172) 437613 телефонына хабарласып білуге болады.

Соңғы жаңалықтар