Жолаушылар тасымалын субсидиялау механизміне бірыңғай стандарт енгізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатта теміржол көлігі мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы негізгі үш мәселені шешуді көздейді. Бірінші – жолаушылар тасымалын субсидиялауды оңтайландыру және ашықтық беру, екіншісі – жүктердің жасырын транзитін алдын алу, үшіншісі - тұтынушылардың құқықтарын қорғауды есепке ала отырып, кірме жолдар қызметтерін реттеу», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда жолаушылар тасымалы мемлекет бюджетінен субсидияланады. Бұл бағытта жылына бюджеттен 30 млрд теңге бөлінеді.

«Шығыстың басқа бір бөлігін «Қазақстан темір жолы» жүк тасымалы кірістері есебінен жабылады. Бұл ішкі «кросс субсидиялау» деп аталады. Аталған схемада ақша ағындарын таратудың бір ортаға бағытталуы және ашықтығы жоқ. Жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету үшін келесі түзетулер ұсынылады. Біріншіден, жолаушылар қозғалысында локомотивтік тартымның жеке операторын құру жоспарланады. Екіншіден, бюджеттен қосымша қаражатты қарастырмай, кросс субсидиялаудан бас тарту үшін жолаушылар тасымалдаушыларын қолдауға жүк тасымалдаушының теңгерімдеуші төлемі енгізіледі. Бұл жолаушылар тасымалының нақты шығындарын көруге мүмкіндік береді», - деді ол.

Бейбіт Атамқұлов бұл ретте аталмыш норма жаңа механизмді нақты пысықтау үшін тек бір жылға ғана іске асырылатынын атап өтті.

«Өзгерістердің нәтижесінде мемлекеттік субсидияларды таратудың айқындылығы артады. Осылайша, жолаушылар тасымалын субсидиялау механизмін бірыңғай стандартқа алып келеміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар