«Жолаушылар тасымалы» басшылығына келген неміс маманы өз жұмысы туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың жақында ғана тағайындалған бас директор Михаэль Кортюм жауапты мекеменің жұмыс жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стратегия бойынша біз «жылдам жеңіске» жетуді көздеп отырмыз. Мәселен, төсек жайларды реттеу, тазалықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейтеміз. Мұнда шағымдардың көбейіп кеткенінен хабардармын. Қызмет сапасын арттыру үшін жаңа тасымалдаушылармен жұмыс бастауды жөн деп шештік. Сонымен бірге, келесі жылдың жазына дейін, тіпті осы қыста вагондардың жетіспеушілігі мәселесін шешуді көздер отырмыз. Осы мақсатта жөндеу цехтарымен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңа вагондар жеткізіледі. Алғашқы вагондар келесі аптада келеді. 22 қазанда тағы да қосымша вагондар аламыз», - деді ол елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Михаэль Кортюмның айтуына қарағанда, компания билет сатудың ақпараттық жүйесін жақсартуды мақсат тұтады. Бұдан бөлек, компания басшысы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ұзақ мерзімдегі мақсаттары туралы да сөз қозғады.

«Алдағы уақытта вагон паркін жаңартуды көздейміз. Себебі, кейбір вагондар жөндеуді қажет етеді. Вагондардың жарамдылығы – 30-40 жыл. Сондықтан, біз қазір 2030-2040 жылдар туралы айтып отырмыз. Вагондарды жаңартудың тиімді стратегиясы керек. Еуропадағы вагондар да 40-50 жыл бойы тоқтаусыз жүре береді. Бұл ретте жоалушылар тасымалының нарығын зерттеп, клиенттердің сұранысын, қандай балама тасымал жүйесі зерттеп алуымыз керек. Себебі, алдағы уақытта нақты қанша жолаушыларды тасымалдауымыз керектігін біліп алған абзал», - дейді ол.

Михаэль Кортюм сол секілді компанияның өз ішінің ІТ-құрылымы әзірленіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама арқылы компанияның шығынын едәуір азайтуға болады. Бұдан бөлек, компанияда маркетингтік стратегиялық бағыт, клиенттерді арттыру мақсаты бойынша жұмыс жүргізілмек.

«Барлық назарымыз клиенттердің көңілініне шығуда. Мен үшін, ең алдымен, клиенттердің қанағаттануы өте маңызды», - деді Михаэль Кортюм.

Еске сала кетсек, неміс маманы Михаэль Кортюм «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Бас директоры болып бір ай бұрын тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар