«Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі жаңа вагондармен толықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Михаэль Кортюм мен «Тұлпар-Тальго» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Рамазан Тілеуленов елордадағы Нұр-Сұлтан-1 станциясында жаңа вагондарды таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вагондар ресейлік Тверь вагон зауыты (ТВЗ) технологиясы бойынша «Тұлпар-Тальго» зауытында шығарылған.

Айта кетерлігі, биыл отандық темір жол паркіне ТВЗ технологиясы бойынша 63 жаңа вагон қосылып отыр. Оның 25-і осыдан үш ай бұрын іске қосылып, шілде айынан бері «Алматы-Маңғыстау» бағыты бойынша қатынайтын пойыздардың қатарын толықтырған. Екінші партия 15 вагон қыркүйек айында пайдалануға берілсе, соңғы 23 вагон бүгін қолданысқа енгізіліп отыр.

Жаңа плацкарт вагондар 54 орынға есептелген. Қызмет ету уақыты – 40 жыл. Жолдағы максималды жылдамдығы – 160 шақырым/сағат.

«Аталған вагондарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ сұранысы бойынша 2019 жылдан бастап іске қосып келеміз. Өзіңіз көріп отырғандай, қазіргі қолданыстағы вагондардан ерекшелігі бар. Ұзындығы - 25 метр. Бұрынғы «Тальго» пойыздарына қарағанда кеңірек», - деді Рамазан Тілеуленов.

Оның айтуынша, вагон ішінде кондиционер мен өртке қарсы жүйе, екі биотуалет, видеобақылау жүйелері орнатылған. Әр вагонда 6 видеокамера орнатылған. Ол бейнені түрлі-түсті және ақ-қара режімде түсіреді. Барлық таспа штабтық вагондағы пойыз басшысының қадағалауында болады. Әр купе мен ортақ дәліз екі 220 В қуат беретін розетка және ұялы телефонды қуаттандыруға арналған екі USB-портпен қамтылған. Әр вагонда жолсерікке арналған тоңазытқыш пен микротолқынды пеш, ауыз су диспансері мен ыстық су толы титан орнатылған. Сонымен бірге, байланыс, диагностика және басқару жүйелері қарастырылған. Әжетханалар экологиялық таза блок қондырғыларымен толыққан.

«Жаңа вагондардың алғашқы партиясы Алматы мен Маңғыстау аралығына жүре бастаса, соңғы 23-нің Нұр-Сұлтандағы, Атырау мен Маңғышлақ станцияларға қатынайды. Келесі жылы тағы 146 вагон шығарылады. Әзірге ол вагондардың қайда қатынайтынын мен айта алмаймын. Келісімшартқа әлі қол қойған жоқпыз», - деді Рамазан Тілеуленов.

Соңғы жаңалықтар