«Жолаушылар тасымалы» АҚ арзан билетті қайтарғанда ұсталатын айыппұлды алып тастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ арзан билетті қайтарған кезде жолаушыдан ұсталып қалатын айыппұлды алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметінен хабарланып отырғандай, билет санаттарының бағаларын саралау үшін 15 қаңтардан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ билетті қайтарғаны үшін жолаушыға 1 мың теңгелік айыппұл салу тәртібінің күшін жояды. Бұл ретте айыппұл тек 3 500 теңгеге дейінгі билеттер бойынша жойылады. Аталмыш шара жолаушылар тарапынан түскен өтініштер негізінде қолға алынып отыр.

«Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылдың 30 сәуіріндегі №545 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында темір жол көліктерімен жолаушыларды, багажды, жүк багажын тасымалдау ережесінің» №255 тармағына сәйкес, құны 3 500 теңгелік билетті қайтару кезінде 1 000 теңгелік комиссиялық төлем алынады. Аталмыш шара билеттерді заңсыз қайта сатумен күресу мақсатында қолға алынған. Осыдан барып билеттерді қайтару деңгейі 30 пайызға төмендеген еді», - делінген хабарламада.

Компания алдағы уақытта жолаушылардың сұранысын қанағаттандырып, сервисті жақсарту мақсатында осы бағыттағы жұмысты жалғастырмақ.

Соңғы жаңалықтар