Жолаушы тасымалдайтын ұшақтардың жиі кешігуіне байланысты тергеу басталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Телеграм каналында ұшақ жолаушыларының арыз-шағымдарына жауап жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы кездері ел ішіндегі, сондай-ақ халықаралық бағыттар бойынша ұшатын рейстерге қатысты хат-хабарламалар көптеп түсіп жатыр. Шынымен, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр.

Орын алған бұл мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым. Осылайша, жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға берілетін болады».

Министрдің мәліметінше, «SCAT» авиакомпаниясы 9 ұшақ, «Fly Arystan» – 3 және «Air Аstаnа» 2 ұшақпен толықтырылады. Бұл шаралар тасымалдау сыйымдылығын едәуір арттыра түспек.

Негізінде, әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сондықтан сұранысты қанағаттандырып, рейстердің кешігуін алдын алу үшін қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаяды.

«Жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, менің тапсырмам бойынша ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігіндегі әріптестерім тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады» деп түйді сөзін ҚР ИИДМ басшысы.


Соңғы жаңалықтар