Жолаушы есінен танып, Кутаисиге бағыт алған ұшақ Шымкентке оралды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Шымкенттен көке көтеріліп, Кутаисиге бағыт алған FlyArystan ұшағында жолаушы есінен танып, әуе кемесі әуежайға қайта оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«8 маусым күні сағат 07:09-да Шымкент-Кутаиси бағыты бойынша KC7407 рейсін орындаған әуе кемесі ұшу кезінде есінен танған жолаушының жағдайына байланысты Шымкент әуежайына қайта оралды. Әуекомпания бортсеріктері дереу дәрігерлер көмегіне жүгінді және дәрігерлер ұсынысы бойынша жолаушыға жердегі шұғыл медициналық көмек қажет болды. Қазір жолаушы жедел жәрдемге тапсырылды. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті рәсімдерді орындап, әуе кемесіне жанар-жағармай құйылғаннан кейін Шымкент-Кутаиси рейсі орындалады деп жоспарлануда», - делінген компанияның Telegram арнасында жарияланған хабарламада.

Еске сала кетейік, бүгін Шымкенттен Делиге ұшуы тиіс FlyArystan ұшағы 13 сағатқа кешігеді.


Соңғы жаңалықтар