Жол жабылғанда блокпосты айналып өтуге тырыспаңыз – Юрий Ильин күн райы бұзылатынын ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жолға шығатын азаматтарға жолдардың жабылуы туралы хабарламаларға құлақ асуды ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты үш өңірде – Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жол учаскелері жабылды. 2 наурыздағы жағдай бойынша тоғыз аймақта дауылды ескерту жарияланған.

«Өткен аптада ауа райы нашарлады, көптеген жолдар жабылды. Қазіргі уақытта тоғыз аймақ бойынша дауыл туралы ескерту алдық. Үш аймақта жол учаскелері жабылды. Сондықтан, азаматтардың жолдың жабылғаны туралы алдын ала жіберілген ескертуді елемей, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға орнатылған блокпосттарды айналып өтуге тырыспауын айтқым келеді. Қысқы кезең күнтізбелік түрде аяқталды, бірақ метеожағдайлар Қазақстанның орталық бөлігінде мол жауын-шашын жауатын және жел жылдамдығы артатын жаңа циклон келе жатқанын көрсетеді. Тиісінше, бұл қардың көптеп түсуіне және ТЖ пайда болуына әкеп соғуы мүмкін», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, қыс мезгілінің басынан бері Қазақстан аумағында мыңнан астам дауылды ескерту жарияланған, автожол учаскелері (оның ішінде республикалық және облыстық) 680-нен астам рет жабылған, жүк және жолаушылар автокөліктерінің қозғалысы 230-дан астам рет шектелген.

«1242 адам құтқарылып, эвакуацияланды. Ол үшін 90-нан астам жылыту пункті іске қосылып, 400-ден астам техника қар құрсауынан шығарылды, авариялық-құтқару жұмыстарына 5 мыңнан астам адам мен мың техника жұмылдырылды», - дейді Ю. Ильин.


Соңғы жаңалықтар