Жол сапасын жақсарту бағытында жаңа тәсіл пысықталды - комитет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жолдар бойынша атқарылған жұмыстар мен материалдардың сапасына қатысты сараптама бүкіл республикалық желіні қамтиды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол жөндеу жұмыстарының сапасына және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға баса мән беріліп отыр. Республикалық жолдар бойынша атқарылған жұмыстар мен материалдардың сапасына жасалған сараптама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады және бүкіл желіні толықтай қамтиды. Бұдан бөлек, әкімдіктермен бірлесе жергілікті маңызы бар жолдар, сондай-ақ елді мекен көшелеріне қатысты сараптама жасау іс-шаралары қамтылған. Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мақсатында саланы реформалау жолымен жаңа тәсіл пысықталды», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол заңнамаға бірқатар түзету енгізілгенін еске салды. Мәселен, Ұлттық сапа орталығына елді мекен көшелерін жөндеуге қатысты ведомстволық сараптама жүргізу өкілеттігі берілді. Өйткені тұрғындар шағымдарының басым бөлігі елді мекен көшелеріндегі жолдарында жүргізілген жөндеу сапасына қатысты болып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізілмек.

Жыл аяғына дейін «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша жол учаскелері ашылады.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салуға жер беру рәсімі жеңілдетіледі.


Соңғы жаңалықтар