Жол сапасын бақылаудың маңызы зор – Замир Сағынов
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым құрылысын, бірінші кезекте жол салуды қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсеткен болатын.
Тақтайдай түзу жол болса, алысты жақындататыны, адамды діттеген жеріне тез жеткізетіні мәлім. Жолды экономиканың күретамыры деуге де болады.
-Замир Садықұлы, жолдың сапасын тексеретін орталық биыл құрылған екен. Алдымен мекеменің мақсат-міндеттері жөнінде айта кетсеңіз?
-Иә, биылғы наурыз айында облыстық жол зертханаларының бірігуімен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылған еді. Аймақтағы зертханалар бұрын жол сапасын тексеріп, оның кем-кетіктерімен күресіп келсе, жаңа кәсіпорынның міндеті одан да кеңейіп, ауқымы артып отыр. Біздің мекеменің мақсаты жол саласында кездесетін сапасыздық сияқты фактілерді азайту болып табылады. Орталық сонымен қатар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендер, қала көшелеріндегі жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама жасайды. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылайды.
-Ендеше, қандай жұмыстар жүргізілуде?
-Жол активтері ұлттық сапа орталығының жұмысы мынадай қағидаларға негізделген: нәтижеге назар аудару, жариялылық, сапа мен тиімділікке ұмтылу, кәсіби командалық жұмысты қалыптастыру және қағазбастылықтан арылу. Ал жолдың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол активтерін басқару жүйесі жүзеге асырылуда. Аталған жүйе жолдардың нақты жағдайын бағалауға, жөндеудің ұтымды стратегиясын жасауға мүмкіндік береді. Осы жүйе арқылы кез келген қолданушы жол саласында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып, қай жерде жұмыстың қай уақытта басталып, қашан аяқталатыны жөнінде хабардар бола алады.
Оған қоса орталық қоғам белсенділерімен бірге жолдардың сапасын тексеру рейдтерін қолға алды. Жақында Ақмола облысы Қосшы ауылының көшелері тексерілді. Мұндай рейдтер енді еліміздің барлық өңірінде жалғасын табатын болады.
-Өңір демекші, Елбасы тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында шалғайдағы Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары бағытында жол құрылысы қолға алынғаны белгілі. Бұл мәселе қазір Қазақстан Президентінің тікелей бақылауында тұр. Осы орайда не айтар едіңіз?
- Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын, ұзындығы 245 км жолға күрделі жөндеу жоспарланған.
Атап айтқанда, Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы жолы, ұзындығы 142 км және Өнеге-Бисен-Сайқын жолы, 103 км.
Сонымен қатар 2018-2020 жылдар аралығында Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытындағы жол учаскелері (жалпы ұзындығы 157-192 км) жөнделуде. Бұл жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО бойынша филиалы аталған нысандар бойынша да жұмыс сапасын бақылап, жол-құрылыс материалдарын тексеріп келеді. Мысалы, Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы мен Өнеге-Бисен-Сайқын жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына филиал төрт мәрте тексеру жүргізіп, 21 сынама алды. Сол секілді Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытындағы жол учаскелері төрт рет тексеріліп, 37 сынама алынды. Орталық тексеру нәтижесінде табылған кемшіліктер бойында Автомобиль жолдары комитетіне және басқа да тиісті органдарға ұсыныс хат жолдауда. Аталған нысандар бойынша ескертулер мердігер ұйым тарапынан ескеріліп, олқылықты жою жұмыстары жүргізілуде.
Сөз соңында айта кетейін, оқырмандар жол сапасына байланысты кез келген өтініш пен ұсыныстарын +7(7172)739-739 нөміріне немесе [email protected] поштасына жібере алады.