Жол саласы мамандарының біліктілік курстарына сұраныс үш есе өсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде автомобиль жолдарын салудың сапасын жақсарту үшін жол құрылысына арналған негізгі материалдарды жеткізушілер асфальтбетонның жарамдылық мерзімін арттыру мақсатында полимерлі қоспалары бар модификацияланған битум өндірісіне көшіп жатыр, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Өндірісті жаңғырту аясында кәсіпорындар арнайы жабдықтар сатып алып, жұмыста тың технологиялар мен химиялық қоспаларды енгізу қолға алынды.

Өндірістік зертханалардың мамандарын қосымша оқыту мақсатында Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты Алматыдағы оқу орталығының базасында битумды ұстастырғышты сынау бойынша практикалық семинар, сондай-ақ автожолдарды салу мен пайдаланудағы жаңа технологияларға байланысты біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырды.

Кезекті оқыту іс-шараларына шымкенттік «Қазақбитум» ЖШС қызметкерлері қатысты. Өйткені олар қарапайым битум өндірісінен инновациялық полимерлі битум ұстастырғышты шығаруға көшіп жатыр.

«Битумды өзгерту – біздің климаттық жағдайымызда жол салуға қолайлы битум алу үшін жақсартатын қоспаларды енгізу. Компания заманауи жабдықты сатып алғанымен оның мамандары олармен қалай жұмыс істеу керектігін әлі білмейді. Сондықтан олар бізге еуропалық стандарт бойынша жұмыс істейтін зертханамызға өз білімдерін сынап көру және модификацияланған битумның физика-механикалық қасиеттерін дұрыс дайындап, сынақтан өткізу үшін келіп отыр»,– деді «ҚазжолҒЗИ» сынақ зертханасының жетекші инженері Сәкіпжамал Бегалиева.

Оның айтуынша, биыл білім беру курстарының көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе өсті. Бұл автожол саласындағы инновацияларға деген қызығушылықтың күрт артуына байланысты.

«Жаңа технологиялардың дамуымен жол саласы да өзгере бастады. Сондықтан бізге оқыту курсы қажет. Зертханашыларымыздың кәсіби көкжиегі кеңейіп, басқа жабдықтармен және сынақ әдістерімен жұмыс істегенін қалаймын. Біз институттан полимерлі битумды ұстастырғыштармен жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуді сұрадық, өйткені олар қазір жол құрылысшылары арасында сұранысқа ие», деді «Қазақбитум» ЖШС зертханасының меңгерушісі Ақтолқын Қадыр.

Аталған курс аяқталғаннан кейін қатысушылар тиісті сертификаттар алады.

Мемлекет басшысының автомобиль жолдарының сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әрі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талабы бойынша «ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары жол құрылысы саласындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытуға және олардың біліктілігін арттыруды көздейтін бейіндік заңнамаға түзетулер енгізіп, жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн.


Соңғы жаңалықтар