Жол құрылысына арналған отандық нанотехнология таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұсақталған көмірден алынатын наноұнтақ автомобиль жолдарының сапасын арттырумен қатар, оған жұмсалатын қаржыны үнемдейді. Бұл туралы, Қазақстан жол ғылыми- зерттеу институты АҚ-ның президенті Бағдат Телтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес, отандық өнімдердің қатарын арттыру мақсатында біздің институт бірқатар тың зерттеулерді қолға алды. Соның бірі ұсақталған көмірден алынатын наноұнтақ,оны битумға қосып асфальт сапасын едеәуір жоғарылатуға болатынын дәлелдеп шықтық. Бұл жаңашылдықты ойлап шығаруға институт қызметкерлері бір жылға жуық эксперимент жасап, еңбектенді. Соның нәтижесін бүгін көрмеде таныстырудамыз. Наноұнтақ жаңашылдығынан бөлек, жолдарының сапасын арттырумен қатар, жол құрылысына жұмсалатын қаржыны үнемдеуге мол септігін тигізеді», - деді Қазақстан жол ғылыми- зерттеу институты АҚ-ның президенті Бағдат Телтаев.

Оның айтуынша, құрамында наноұнтағы бар асфальтбетондық қоспа төселген автожол ауа температурасының төмен немесе жоғары болуына қарамастан ұзақ жылдарға пайдалануға мүмкіндік береді.

«Жол құрылысы саласындағы бұл жаңашылдықты ойлап табуда толығымен отандық өнімдер қолданылды. Және алдағы уақытта еліміздің нарығына шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Одан бөлек, Б.Телтаев еліміздің бүгінгі автожол жағдайы туралы да сөз етті. «Автомобиль жолдары үнемі билік пен халық назарында және ол бірқалыпты даму үстінде деуге болады, пайыздық көрсеткішпен айтсақ, автожолдардың 40% жақсы, 30% қанағаттанарлық, қалған 30% нашар жағдайда. Байқасаңыздар, мемлекет аталған салаға көңіл бөліп, тиісті шараларды қолға алуда, оған дәлел Елбасы өзінің биылғы жолдауында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу үшін Үкіметке 150 млрд теңге қаражат бөлуді тапсырды»,- деді Қазақстан жол ғылыми- зерттеу институтының басшысы.

Еске салсақ, Астанада кешеден бері жол құрылысына арналған халықаралық көрме өтуде.

Одан бөлек, көрме аясында өңірлік жолдарды дамыту мәселесіне арналған конференция өтті.

 

Соңғы жаңалықтар