Жол-көлік оқиғаларына байланысты тіркелетін статистикалық көрсеткіштерде алшақтық көп

None
None
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі.

Аталған заң жобасы Үкімет басшысының тапсырмасына орай әзірленіп отыр. Атап айтқанда, Премьер-Министр бұндай міндетті 2009 жылғы Бас прокуратура тарапынан жол-көлік оқиғалары қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жасалған тексерістер нәтижесіне орай берген болатын. «2009 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде ведомстволық статистикалық көрсеткіштерде айтарлықтай алшақтық анықталды. Мәселен, ішкі істер органдары мен Денсаулық сақтау министрлігі мен Статистика агенттіктерінің жол-көлік оқиғасына қатысты тіркеген мәліметтері әртүрлі. Атап айтқанда, жол полициясының мәліметтеріне сәйкес 2009 жылы 12,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, тексерістер нәтижесінде бұның 53 мыңнан асқандығы анықталды. Бұндағы айырмашылық 4 есеге дейін артқан. Ал жол апаттары кезінде 2 мың 890 адам өлімі фактісі тіркелген болса, нақтылағанда ондай оқиғалардан 3 мың 67 азаматтың ажал құшқаны анықталып отыр. Сол секілді жол оқиғаларынан 14 мың 700 адам жарақат алған болса, денсаулық сақтау мекемелерінде 20 мыңнан астам жарақат алушылар тіркелген», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель.

Осыған орай, заң жобасымен құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шеккен адамдардың есебін жүргізу бойынша өкілеттіктер беру көзделеді.

Соңғы жаңалықтар