«Жол картасына» сәйкес кәсіптік лицей күрделі жөндеуден өткізілді

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Жол картасына» сәйкес БҚО-ның Жаңақала ауданы орталығындағы №8 кәсіптік лицей күрделі жөндеуден өткізілді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лицей директоры Серік Жәрдемәлиевтің айтуынша, бұл мақсатқа 34,4 млн., соның ішінде республикалық бюджеттен 28,8 млн., облыстық қазынадан 5,6 млн. теңге бөлінді. Қос бірдей ғимараттың есік-терезелері түгелдей ауыстырылып, іші-сырты жаңартылды. Қашықтан келетін шәкірттер үшін барлық жағдайы бар елу орындық жатақхана да дайын. Жылу жүйесі қалыпқа келтіріліп, көкөніс қоймасы салынды. Бұл шаруаларды «West Trade Company» компаниясы (директоры Руслан Мұхамедрахимов) атқарды. Жұмысқа барлығы 103 адам тартылса, соның 80 пайызы жергілікті жерден алынды.

Кәсіптік мектеп ғимараты 1984 жылы салынғаннан бері жиырма бес жыл бойы жөндеу көрмеген еді. Биыл 10 млн. астам теңгеге интерактивті тақта, компьютерлік класс, басқа да құрал-жабдықтар алынды.

Сөйтіп жаңарып, қайта түлеген лицейде жаңа оқу жылы басталып кетті. Биыл бірінші курсқа алпыс оқушы қабылданып, жоспар орындалып отыр. «Жол картасына» сәйкес тағы бір топ жасақталмақ. Бұған дейін осындай жоба бойынша 4 миллионнан астам теңге қаралып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы келген елу сегіз жас әрлеуші, тас қалаушы және аспаздыққа оқыған еді. Содан қырық түлек үш айлық курстарын бітіріп, жұмысқа орналасып үлгерді. Жалпы, лицейде ішінде тәлімгері бар, басқасы бар 78 адам еңбек етсе, ауыл шаруашылығы, құрылыс сынды салалар бойынша алты мамандық бойынша екі жүздей шәкірт білім алады.

Соңғы жаңалықтар