«Жол картасын» іске асыру барысындағы іс-шаралар еңбек нарығындағы ахуалға оң әсерін тигізуде - Г.Әбдіхалықова

None
None
АНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауына сәйкес Үкімет құрған «Жол картасы» бағдарламасының нақты атқарылуына жауапты мекемелердің бірі - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қолға алынғанына көп уақыт өте қоймаса да, бағдарлама қазірдің өзінде жемісін беріп отыр. Осы орайда, аталған ведомствоның басшысы Гүлшара Әбдіхалықова ханыммен бағдарлама құрылған кезден бастап атқарылған жұмыстардың бағыт-бағдарын, қандай толымды нәтижелер бар екенін білу мақсатында сұхбаттасқан едік.  

- Құрметті Гүлшара Наушақызы! Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы «Дағдарыс арқылы  жаңару мен дамуға» атты Жолдауына орай Үкіметтің 2009 жылға арналған «Жол картасы» іс-қимыл жоспары жасалды. Осы жоспар шеңберінде Сіз басқаратын министрлік қандай шаралар атқарып жатыр?

 

- Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында еңбек нарығын тұрақтандыру, өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз ету үшін Үкімет Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия құрған болатын. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз кезегінде жергілікті атқарушы органдардың дағдарысқа қарсы бағдарламалары негізінде жұмыспен қамту және қызметкерлердің босауының ықтималдық картасын әзірлеген еді. Аталған карта «Жол картасын» іске асыру және оны қаржыландырудың  ұтымды да тиімді жолдарын таңдауға негіз болды.

 

Жол картасын қаржыландырудың жалпы лимиті  жұмысынан айрылу қаупі туған және  жұмысқа орналасуда жәрдемге мұқтаж адамдардың болжамды қосымша санына қарай  айқындалып отыр. Соның нәтижесінде, Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 140,0 млрд. теңге, ал  жергілікті бюджет қаржысынан қоса қаржыландыруды ескергенде, барлығы 191,3 млрд. теңге бөлінді. Ал әлеуметтік жұмыс орындарын құруға және «жастар тәжірибесін» ұлғайтуға республикалық бюджеттен 8,6 млрд. теңге қарастырылған, бұл  шамамен 96 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге, оның ішінде  34 мың жас түлекті жастар тәжірибесіне тартуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама шеңберінде  кадрларды даярлау және  қайта даярлауды ұйымдастыруға 14,4 млрд. теңге  көзделген.

Халықты жұмыспен қамту стратегиясын іске асыру үшін  тиімді  нормативтік  база жасау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және  міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша жұмыспен қамтудың  белсенді нысандары  арқылы  азаматтарды әлеуметтік қолдауды көздейтін  өзгерістер енгізді. Бұған қоса,  «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына, Жол картасын  іске асыру кезінде  жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін  өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Жол картасы жобаларын  іске асыру барысын кешенді жариялап отыру   және оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында  ҚР Ақпараттандыру және  байланыс агенттігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп dorkarta.enbek.gov.kz . арнаулы  сайтын әзірледі. Қазір жұмыс істеп тұрған сайттан аталған жоба бойынша атқарылған жұмыстар төңірегінде ақпарат алуға болады.

 

- Ал енді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру деңгейі қай облыста қалай екенін,  мемлекет бөлген қаражат қалай игеріліп жатқанын білуге бола ма?

 

- Дағдарысқа қарсы Үкімет қабылдаған шаралар, оның ішінде Жол картасын іске асыру барысындағы іс-шаралар ағымдағы жылдың екінші тоқсанында еңбек нарығындағы ахуалға оң әсерін тигізуде. Мәселен, еліміздің Статистика агенттігінің бағалауына сүйенсек, екінші тоқсанның қорытындылары бойынша республикадағы жұмыссыздық деңгейі 6,9 пайыздан 6,7 пайызға төмендеген. Ағымдағы жылдың маусым айында жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздардың саны алдыңғы аймен салыстырғанда 9,7 мың адамға (102428 адамнан 92750 адамға дейін) азайған. Жалпы, республикамыз бойынша 2009 жылғы  шілденің 31-індегі жағдай бойынша  Жол картасының инвестициялық жобаларын іске асыру кезінде 87 млрд. теңге (оның ішінде республикалық бюджет қаражаты - 59,5 млрд., жергілікті бюджет қаражаты - 27,5 млрд. теңге) игерілген, бұл осы жылға арналған  жалпы соманың 53 пайызын құрайды.

Енді Жол картасы шеңберінде атқарылып жатқан салаларда игерілген қаражаттарды атап өтейін. Тұрғын үй-қоммуналдық  шаруашылық жүйесін  жөндеу, қайта құру және дамытуда - 26 млрд. (РБ - 18,3 млрд. теңге, ЖБ - 7,7 млрд. теңге), жол жөндеу жұмыстарында - 25,3 млрд. (РБ - 15,5 млрд. теңге, ЖБ - 9,8 млрд. теңге), мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу және жылыту бағытында - 31,8 млрд. (РБ - 23 млрд. теңге, ЖБ - 8,8 млрд. теңге), қалалардың, селолардың (ауылдардың) әлеуметтік-мәдени нысандарын жөндеу жұмыстарында - 3,9 млрд. теңге (РБ - 2,7 млрд. теңге, ЖБ - 1,2 млрд. теңге) игерілді.

 

Республика бойынша Жол картасы шеңберіндегі жұмыстар 4773 жобада жүргізілуде, ол нысандарда 252,3 мың (254,2 мың жұмыс орны жоспарланған болатын) жұмыс орны құрылды.  Жаңадан құрылған жұмыс орындарына барлығы 211,1 мың адам (құрылған жұмыс орындары санына шаққанда 83,6%), оның ішінде 149,4 мың адам (жұмысқа орналасқандар санының 70,8%) жұмыспен қамту органдарының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылды.

 

-Еліміздің ертеңі - жастар. Әлемдік дағдарыс - жаңа ұрпақтың ертеңгі күнге деген көзқарасына айтарлықтай әсер еткені анық. Дегенмен еліміздің Үкіметі бұл құбылыстың алдын алып отыр. Осы орайда жастарды жұмыспен қамту мәселесі туралы да тоқтала кетсеңіз...

 

 -Иә, болашақ жастардың қолында екені ақиқат, оны Елбасымыз да үнемі айтып келеді. Осы орайда, қолға алынған «жастар тәжірибесі» бағдарламасы дағдарыс кезінде жұмыссыздыққа тап болған жастарымызға көп қолдау болып отыр. Олар жұмысқа орналасу арқылы еңбек нарығына араласумен қатар, жұмыссыздықтың салдарынан қоғамға жат қылықтарға бой алдырудан қорғалатыны рас.

Енді нақты сұраққа оралсақ, Жол картасы бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын құру және «жастар тәжірибесі» бағдарламаларын жүзеге асыруды қаржыландыруға 8,6 млрд. теңге бөлу көзделеді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 34452 адамды жұмысқа орналастыру шараларын қаржыландыру лимиттері жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, өңірлер бойынша 2009 жылы жұмысқа орналастыруда  мемлекеттік көмекті қажет ететін түлектер санына (191,4 мың адам) байланысты белгіленді. Аталған бағдарламаны қаржыландыру сомасы 3,1 млрд. теңгені құрайды. Осы орайда, жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеу ұзақтығы 6 айдан аспайтындығын және бюджеттік қаражат есебінен төленетін жалақы айына 15 000 теңге болатындығын атап өткім келеді.

 

61248 әлеуметтік жұмыс орнын  құру бойынша Жол картасын қаржыландыру сомасы 5,5 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта министрлік ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Осыған орай, халықтың нысаналы топтарына оқу орындарының түлектері, сондай-ақ ұйымдағы қызметкерлер санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты жұмыстан босатылатын адамдар енгізілетін болады. Әлеуметтік жұмыс орнындағы қызмет ұзақтығығы да 6 айдан аспайды және айлық жалақысы 30 000 теңге (оның 15 000 теңгесі - бюджеттен, ал 15 000 теңгесі - жұмыс берушінің есебінен) болуы керек.

Жол картасының жоспарына сәйкес жастар тәжірибесі бағдарламаларын кеңейту аясында кәсіпорындармен және ұйымдармен 8 816 шарт жасалып, оларға жұмыспен қамту органдары жұмысқа орналастыру үшін 33 843 түлекті жіберді. Бұл жоспарлы көрсеткіштің 98,2 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік жұмыс орындарын құру үшін жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындармен және ұйымдармен 7 160 шарт жасасты. Жұмыспен қамту органдары Жол картасы аясында құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына нысаналы топтар қатарындағы 51 089 адамды (жоспардың 83,4 пайызы) жұмысқа орналастырды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары аталған бағдарламалар бойынша уақытша жұмыс орындарын құру жоспарын толығымен орындап отыр деуге негіз бар.

 

- «Жол картасы» шеңберінде экономиканың болашақ сұранысын іске асыру үшін мамандарды даярлау және қайта даярлау бойынша оқытуды ұйымдастыру туралы не айтасыз?

- Жол картасын іске асыру аясында мамандарды даярлауға және қайта даярлауға 14,4 млрд. теңге бөлініп отыр. Мамандарды жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып, даярлауды қамтамасыз ететін, азаматтарды кәсіби даярлауды, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды интеграцияланған оқу жоспарлары мен бағдарламаларын енгізу арқылы  ұйымдастыру тәжірибелік бағытқа ие  болуда. Осы орайда, жұмыстан босатылатын қызметкерлер қатарынан макроөңірлердің, сондай-ақ, экспорттық мамандануын іске асыру, бос жұмыс орындарын толықтыру және шетелдік жұмыс күшін алмастыру үшін 100 мыңнан астам адамды қайта оқыту жоспарланып отыр.

Осы жылғы тамыздың 1-індегі жағдай бойынша өңірлердегі 416 оқу орнымен шарт жасалып, оларға қайта даярлаудан өтуге 44,7 мың адам жіберілді. Бұл ретте, ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 6167 адам оқуын аяқтаса, оның ішінде 5076 адам жұмысқа орналастырылған.

 

- Әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңызға толайым табыстар тілейміз.

Соңғы жаңалықтар