Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына жер беру рәсімі жеңілдетіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту жұмыстары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 634 нысан бар. Соның 74 пайызы Ұлттық стандарт талаптарына сай келеді», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл тағы 78 қызмет көрсету нысанын іске қосу жоспарланған. Оның 53 объектісі жеке инвестицияларды тарту есебінен қойылмақ.

«Бұл бағыттағы жұмыстар аясында биыл ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін қызмет көрсету нысандарының үлесін 82 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік болады. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мақсатында былтыр жергілікті атқарушы органдардан 10% мөлшерінде субсидиялар қарастырылған. Сондай-ақ, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға айына 83 мың теңге көлемінде шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдау тетігі іске қосылды. Сонымен қатар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу үшін жер беру рәсімін жеңілдету мақсатында біз қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді комитет өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізілмек.

Жыл аяғына дейін «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша жол учаскелері ашылады.


Соңғы жаңалықтар