Жол бойында таза әрі жайлы дәретханасы жоқ сервистер сүрілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық маңыздағы жолдардың бойында жабдықталған дәретханасы жоқ сервис нысандарының жұмысына тыйым салынуы мүмкін. Автомобиль жолдары туралы заңға осындай өзгеріс енгізу ұсынылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рустам Исаев соңғы кезде жол бойындағы сервис нысандарына қойылатын талаптардың қатаңдатылғанын айтады.

«Соңғы екі жылда ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сервис нысандарының саны 33 пайыздан 47 пайызға өсті. Бүгінде республикалық және халықаралық жолдар бойында 1819 сервис нысаны қызмет етеді. Соның тек 850-інде ғана жабдықталған жайлы дәретхана бар. 2018 жылы 12 павильон қойылған болатын. «ҚазАвтожол» бақылауына қарайтын жолдарда 23 жабдықталған дәретхана, 880 жылытылмайтын дәретхана бар. Оның 411-і демалыс базаларының аумағында, 469-ы негізгі жол бойында тұр», - дейді ұлттық компания өкілі.

Рустам Исаевтың айтуына қарағанда, жол бойындағы сервистің сапасын реттейтін ұлттық стандартта дәретханаға қатысты нақты талаптардың болмауы сервси нысандарын босаңсытып отыр.

«Қолданыстағы талаптар жол бойында салқын дәретханалар қоюды шектемейді. Ұлттық стандартта міндетті талап болмағандықтан, сервис орталықтары жабдықталған жайлы дәретхана орнатпайды. Автомобиль жолдары туралы заңға өзгерістер енгізілмек. Заң жобасы қазір талқыланып жатыр. Сервис иелері абаттанған дәретхана орнатпаса, оларды жол бойында кәсіп ашуға жібермеу туралы ұсыныстар түсті»,- дейді департамент директоры.

Соңғы жаңалықтар