Жол бойында талапқа сай дәретхана ұстайтын кәсіпкерлерге ай сайын 83 мың теңге төленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет жол бойында талапқа сай дәретхана ұстайтын кәсіпкерлерге ай сайын 83 мың теңге төлемекші. Ол үшін жол бойында дәретханадан бөлек өзге де сервистік нысандар болуы шарт, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиингіде Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков осындай мәлімет берді.

«Бәріміз жол бойындағы дәретханалардың сапасы сын көтермейтінін көріп жүрміз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен облыстардың әкімдіктері бірлесіп, 2019 жылы санитариялық-гигиеналық тораптарға түгендеу жүргізді. Әлі де санитариялық торабы бар 962 сервис нысаны қажет», - дейді Дастан Рыспеков.

Ол, сондай-ақ, қазір бұл іспен «ҚазАвтоЖол» компаниясы ғана бюджет есебінен айналысып жүргенін еске салды.

«Өздеріңіз білетіндей, «ҚазАвтоЖол» соңғы 2 жылда республикалық маңыздағы жолдардың бойына талапқа сай санитарлық тораптар орнатып жатыр. Ал бұл істі кәсіпкер істейтін болса, санитарлық-гигиеналық торапты күтіп ұстау үшін ай сайын 83 мың теңге субсидия төленеді. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға, туристер жиналатын негізгі орындардағы жеке тұрған стационарлық үй-жайларға да, өзін-өзі ақтауы төмен жол бойындағы сервис объектілеріне де қатысты болады. Бұл қаражат техникалық персоналды ұстау мен қажетті жабдықты сатып алу шығынын азайтады», - деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар