Жол бойында көрсетілетін қызметтер талапқа сай емес - вице-министр

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов еліміздегі жолдардың бойындағы қызмет көрсету талаптарға сай келмейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қаралды.

«Бүгінде елімізде сапалы жолдар салынды, алайда осы жолдардың бойында тиісті сервис жоқ. Өкінішке қарай, стандарттарға сай дәретханалар орнатылмаған. Біз волонтерлерді шақырып, оларды еліміздің аумағындағы осы қызмет орындарын зерделеуге жұмылдырдық. Бұл ретте халықаралық сапаға сәйкес келетін дәретханалар екі жерде ғана бар. Біріншісі жаңадан салынған әуежай терминалында (Астана), ал екіншісі елордадағы жаңа теміржол вокзалында. Қазіргі кезде бірлесіп «KazWay» (жол бойындағы сервистің модульдік павильоны) типтік жобаларын қарап жатырмыз. Өткінішке қарай, ол жоба толығымен қарастырылмаған, оған өзгерістер енгізу керек. Осы орайда «Қазавтожол» компаниясымен бірлесіп бұл өзгерістерді енгізіп жатырмыз», - деді Ерлан Қожағапанов тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде шетелден келген туристер үшін жолда тоқтайтын қажетті орындар жабдықталмаған.

«Тиісті нормалар бар, бірақ әр ел үшін олар әртүрлі болып отыр. Біз Дүниежүзілік туристік кеңесі нормаларын ұстанамыз, яғни 50 шақырымға бір дәретхана орнату ескерілген. Алайда олар өте сапалы салынуы керек. Ең бастысы, ыстық сумен қамтамасыз еткен маңызды», - деп тоқталды вице-министр.

Қожағапановтың айтуынша, бүгінде жол бойындағы жанар-жағармай құю стансаларында дәретханалар қойылған, алайда олар оған жолаушыларды өткізбейді. Себебі кез келген бизнес үшін дәретхананы толықтай жабдықтау шығын келтіреді.

«Осы орайда бизнес қандай да бір қолдауға сүйенуі үшін мемлекет тиісті субсидиялауды ескергенін ұсынудамыз», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл шілде айында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жол бойында қызмет көрсету орындарын жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығын сынаған болатын.

Соңғы жаңалықтар