Жол бойында қандай бизнес ашуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Тараз-Шымкент-Қызылорда» автожолының бойында жеке бизнес ашуға болатын 34 демалыс алаңы бос тұр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалалары арасында жүргізушілер мен жолаушылар демалатын 46 алаң бар. Олардың 12-іне жеке кәсібін ашуға ниетті кәсіпкерлерден өтінімдер келіп түсті. Ал қалған 34-і жол бойынан шағын бизнес ашқысы келетін әлеуетті инвесторлар үшін дайын.

«Үшінші мегаполисте Тараз-Шымкент және Шымкент-Қызылорда жол учаскелеріне ақылы жүйені енгізу мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Бұған дейін мұндай тыңдаулар Жамбыл және Түркістан облыстарының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Түлкібас және Сайрам аудандарының тұрғындарымен болған кездесулерде талқыланған еді. Жиындарда жергілікті тұрғындар жабдықталмаған дәретханаларды, ақылы автожолдардағы сервисті дамыту мәселелерін көтергендіктен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Тараз-Шымкент және Шымкент-Қызылорда учаскелері «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» трансқұрлықтық көлік дәлізінің бөлігі және үлкен транзиттік әлеуетке ие екенін атап өтті. Жақын арада мұнда көлік ағыны бірнеше есе артады. Тиісінше, жанар-жағармай құю бекеттеріне, қонақ үй, дәмханалар, техникалық қызмет көрсету стансаларына сұраныс артады», - делінген хабарламада.

Сондықтан «ҚазАвтоЖол» қазірдің өзінде ақылы жолдардың сервисін дамыту үшін жағдай жасауда және қолжетімді шарттармен жол бойындағы қызмет көрсету әрі сауда саласында бизнес бастағысы келетін кәсіпкерлерді ынтымақтастыққа шақырып отыр.

Қазір Тараз-Шымкент автожолы учаскесінде саяхатшылардың 12 демалыс алаңы орналасқан. Олардың біреуіне әлеуетті инвестор өтінім берді. Шымкент-Қызылорда учаскесінде 34 алаң орналасқан, олардың 11-і бойынша кәсіпкерлермен «жауапты сақтау» бойынша шарттар жасалған. Қалған бос алаңдарға әзірге өтінім түскен жоқ. Дегенмен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы әлеуетті инвесторларға өте ыңғайлы жағдайлар ұсынып отыр.

Айта кетейік, алаңдарды жергілікті кәсіпкерлердің пайдалануына басымдық беріледі.

«Жауапты сақтау алаңын алу үшін әлеуетті инвестор «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ www.qaj.kz сайты арқылы қажет «жол бойындағы сервис» бөліміне кіріп, нысандар санатын таңдап, өтінім қалдыру керек. Сондай-ақ, ұлттық компания ірі желілік автожанармай құю станцияларымен келісімге қол қойды, олар республикалық жолдардың барлық желісі бойынша 2024-жылдың соңына дейін жанар-жағармай құю, техникалық қызмет көрсету стансаларын, дәмханалар, дүкендер, қонақ үйлер, жылы дәретханалар мен душтары бар жол бойындағы 134 заманауи кешен салады. Осы келісімдер аясында Тараз-Шымкент учаскесінде 4, Шымкент-Қызылорда учаскесінде – 8, Шымкент-Ташкент учаскесінде 3 жол бойындағы кешен салынады», - деп аталып өткен компания мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар