Жол айрығы құрылысының ақшасы жер учаскелерін сатып алуға жұмсалады - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов Сейфуллин мен Жансүгіров қиылысындағы жол айрығының құрылысы неге тоқтап тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімінің айтуынша, 117 үйді иелерінен сатып алуда проблема туындап тұр.

Бұған дейін аталған ауданда тұратын үй иелері Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде бірнеше жылдан бері өтемақы ала алмай жатқанын айтып шағымданған еді.

Бұл үйлердің орнына жоспар бойынша Сейфуллин Жансүгіров жол айрығы салынатын болған еді.

«Бұл мәселе 2-3 жыл қатарынан шешіліп келеді. Тұрғындарды түсінуге болады. 117 үйдің иелеріне хабарландыру келген. Олар үйлерін не сата алмайды, не басқасын сатып ала алмай, байланып отыр. Қала әкімі бұл мәселені өз бақылауына алды. Жол айрығын салуға белгіленген қаражатты жер учаскелерін сатып алуға бағыттау шешілді. Тұрғындармен мәселені шешпей жатып, жол айрығы құрылысын бастау қажет емес. 20 қыркүйектен кейін республикалық бюджет нақтыланады. Сол кезде жер учаскелерін сатып алуға 3,6 млрд теңге қарастырылған. Қыркүйекте бұл қаражат мақұлданса, 5-10 қазанда шоттарға аударылады. Сондықтан, 2-3 күнде жер учаскелерін сатып алу процедурасын бастаймыз», - деді Мақсат Қиқымов.




Соңғы жаңалықтар