Жол апатына түскен кісіні құтқару үшін көлікті кесуге тура келді - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолында екі көлік соқтығысып, ауыр бас жарақатын алған жүргізушіні құтқару үшін машинаны кесуге тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл-Мамлютка автожолындағы жол-көлік апаты туралы хабар құтқару қызметіне 6 қараша күні сағат 12.12 минут кеткенде түскен. Департаменттің жедел-құтқару отряды оқиға орнына 20 минуттың ішінде жетіп, бірден іске кірісті.

Мамандардың айтуынша, Audi мен Toyota жеңіл көліктері соқтығысқан. Салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі ауыр бас жарақатын алып, аяғын сындырған. 1994 жылы туған ер адам қатты зақымданған көліктен өздігінен шыға алмапты.

«Ауыр жарақаттанған ер адамға зиян келтірмеу үшін операцияны өте ұқыппен жүргізуге тура келді. Гидравликалық кескішпен көліктің артқы есігін және бүйіріндегі тіреуішті кесіп алдық. Кейін гидравликалық домкратты қолданып, зардап шегушінің қысылып қалған аяғын босаттық. Машинадан абайлап шығарып, бізді күтіп тұрған жедел жәрдем қызметкерлеріне табыс еттік», - дейді құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Әділ Мұстафин.

Ауыр жарақат алған ер адам медициналық мекемеге жеткізілді.

«Жол-көлік оқиғасында біреулер тек болмашы жарақат алса, енді бірі сол жерде мерт болады. Зақымданған көлікте қыстырылып қалғандарға біздің көмегіміз қажет болып жатады. Құтқару отрядының тәжірибелі мамандары мұндайда зардап шегушілерді аман-есен алып шығып, тезірек дәрігерлердің қолына тапсырады. Көлік жүргізушілеріне жолда абай болыңыздар, жол қателікті кешірмейді деп айтқымыз келеді», - дейді Әділ Мұстафин.

Бұған дейін«Челябі-Новосібір» автожолында болған жол-көлік оқиғасына қатыста полицейлер түсінік берген еді.


Соңғы жаңалықтар