Жол апаты кезінде оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші ұсталды – СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының полиция қызметкерлері жол апаты кезінде оқиға орнынан ізін суытқан жүргізушіні екі күннен кейін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«14 қыркүйек күні әлеуметтік желілерде Петропавл қаласы Әуезов көшесіндегі жол-көлік оқиғасының видеосы тарап кеткен болатын. Сағат кешкі 20.00-ге таяу айналма жолмен келе жатқан ресейлік нөмір таққан ВАЗ 21120 маркалы автокөліктің жүргізушісі жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, Honda CIVIC маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Салдарынан Honda CIVIC көлігі жол шетіндегі DAF маркалы ауыр жүк көлігін соққан. ВАЗ 21120 жүргізушісі оқиға орнынан бірден ізін суытып, ал Honda-дағы жүргізуші мен жолаушы үшінші қалалық ауруханаға әртүрлі дене жарақатымен жеткізілген болатын», - деп хабарлайды СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Екі күн бойы қаланың тәртіп сақшылары аталмыш көліктің иесін іздеді. Ақыры құқық қорғаушылар 1959 жылғы Петропавл қаласының тұрғынын ұстаған.

«Қала тұрғыны жауапкершіліктен қорыққандықтан оқиға орнынан қашып кеткенін айтты. Себебі, ол мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігімен жүрген. Автокөлік «Береке» шағын ауданындағы жүргізушінің туыстарына тиесілі жеке үйден табылып, айыппұл тұрағына жеткізілді», - делінген хабарламада.



Соңғы жаңалықтар