Жол апаты кезінде қарияға көмекке ұмтылған ақтөбелік марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат –Ақтөбе облыстық Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен жүргіншіге көмек беріп, өмірін құтқарған азаматты марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылы 8 қыркүйекте сағат 15:40 шамасында Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылының қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Екі көлік соқтығысқан кезде автотұрақта тұрған жаяу жүргіншінің аяғы қысылып қалған. Осы кезде бейтаныс адам зардап шегушіге дереу көмекке ұмтылған.

«Жол-көлік оқиғасы кезінде жаяу жүргінші дене жарақатын алды. Жақын маңда болған Ақтөбе қаласының тұрғыны Еркебұлан Симанов алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тіпті бір көліктің руліне отырып, зейнеткердің шығуына көмектесті. Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасына қатысты кінәлі адамдар жазаланды», - деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Самат Аисов.

Бүгінгі күннің батыры өз ісін ерлікке баламайды. Ол қашанда көмек көрсетуге дайын.

«Менің медициналық білімім жоқ. Бірақ алғашқы көмек көрсетуге әзірмін. Еш ойланбастан алға ұмтылып, жәрдем бердім. Қазір қарияның отбасымен араласып, хабар алып отырамын. Балалар әке өмірін сақтап қалғаным үшін ризашылықтарын білдірді»,- деді Еркебұлан Симанов.


Соңғы жаңалықтар