Жоғары оқу орындарында карантин талаптары қалай сақталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы оқу жылында студенттерге оқу орны қабырғасында білім алуға рұқсат берілді. Басты талап - карантин ережесі сақталуы тиіс. Яғни ғимарат ішінде әлеуметтік арақашықтық сақталып, барлығы маска тағып жүруі керек. Тағы бір талап студенттер мен оқытушылар ғимаратқа «Ashyq» жүйесі арқылы кіруге міндетті. Осы орайда дәстүрлі оқу жүйесіне көшкен студенттер қалай оқып жатыр, оқу орындары карантин талаптарын сақтап жатыр ма? Бұл сұрақтарға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай жауап берді.

«Биыл дәстүрлі оқу 2,3,4 курс студенттері үшін 1 қыркүйекте басталса, 1 курс студенттері үшін 6 қыркүйекте басталды. Себебі алғашқы апта бейімделуге берілді. Оқу ғимараттарына студенттерді бірден топырлатпай, кезеңнен кіргізе бастадық. Міне 1,5 ай бойы министрліктің бұйрығына сай, талапты сақтай отырып оқу жүріп жатыр. Жуырда студенттер аралық емтихан тапсырады. Санитарлық талаптарды сақтау үшін сабақ екі ауысымға бөлінді яғни түске дейін және түстен кейін. Аудиториялар мен ғимарат дәліздерінде әлеуметтік арақашықты сақтау белгілері көрсетілген. Сондай-ақ, студенттер көп жиналатын жалпы міндетті пәндер онлайн өтіп жатыр. Өйткені, ол пәндер бірнеше топ студенттерінің қатысуымен өтеді. Ол үшін білім алушыларға жағдай жасалған. Яғни әрбір студент дәрісті электронды түрде алып, оны қалаған уақытта тыңдай алады. Онлайн дәрістен соң кері байланыс орнату үшін сол жерде тапсырма берілген, оны орындаған соң студент автоматты түрде бағасын алады. Барлығы онлайн яғни электронды түрде жүзеге асады», - деді Байжұман Қашқынбай.

Аталған жоғары оқу орнында әр топ екіге бөлінген. Егер топта 30 студент болса, 15 студенттен бөлініп оқиды. Сонымен қатар дәріс аудиторияларында әлеуметтік арақашықтық сақталған және студенттер сабақа маскамен отырады.

«Әрине, басында бір жүйеге үйренісем дегенше қиыншылықтар болды. Уақыт өте келе студенттер де, оқытушыларға бейімделіп алды. Қазіргі уақытта оқу қалыпты деңгейде жүріп жатыр. Бізде апта сайын декан және оқушылар құрамымен жиналыс өтіп тұрады. Сол жерде барлық мәселе қаралады. Егер топтың ішінен бір студенттен ковид жағдайы анықталса, ол топ түгелдей онлайн оқуға жіберіледі», - дейді ол.

Оның айтуынша, ЕҰУ-де 100 пайыз оқу процесінің 22 пайызы онлайн түрде өтіп жатыр, қалғаны дәстүрлі түрде өтуде.

«Карантин талаптары тек оқу ғимараттарында ғана емес жатақханада да тиісті деңгейде сақталған. Жатақханада тұратын студенттердің сақтауы тиіс өзіндік ережелері бар. Жалпы бізде оқу процесін ұйымдастыруда қажетті база жасақталған. Яғни дәстүрлі немесе онлайн оқуға толық жағдай жасалған. Былтырдың өзінде пандемия кезінде зертханалар карантин талаптарын сақтау отырып жұмысын дәстүрлі түрде жалғастырды. Бұл магистрлар мен докторанттарға қатысты әңгіме. Тағы бір айтып өтетін жайт, барлық студенттерге оқу басталмас бұрын карантин талаптары мен оны сақтау керектігі баса айтылды. Әлі де айтылып келеді», - деді Б. Қашқынбай.

Департамент басшысының айтуынша, биыл оқу жылы басталғалы студенттер арасында 5-6 коронавирус індетін жұқтыру жағдайы тіркелген.

«Оқытушылардың 99 пайызы вакцина алған. Дегенмен маска режимін сайтаймыз. Студенттерге келсек, әрине біз ешкімді міндеттей алмаймыз. Тек кеңес, нұсқаулық түрінде ғана ұсына аламыз. Вакцина алмаған жағдайда сабақ кіргізбей шектеу қою деген жоқ. Барлығы «Ashyq» жүйесімен кіре алады. Бүгінде біздің студенттердің 70 пайызы вакцина алды. Бұл 1 курс студенттерін есептемегендегі көрсеткіш. Себебі 1 курс студенттерінің кейбірі жасы 18-ге толмаған. Сондықтан біз оларды жалпы есепке қосқан жоқпыз. Биыл бізде вакцина алуға қатысты қызық дерек тіркелді. Тамыз айында әскери кафедрада оқитын студенттерден құжат қабылданады. Сол анықталғандай әскери кафедраға түсуші студенттердің 100 пайызы вакцина алған болып шықты. Біз ешкімді міндеттеген жоқпыз. Олар 2,3 және 4 курс студенттері», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар