Жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-да неше балл жинау керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы ҰБТ аясында жоғары оқу орындарына түсуге арналған шекті балл өзгерген жоқ. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы ҰБТ-ның басты жаңалықтарына тоқталсақ, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаты» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгеріс енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады, «Оқу сауаты» бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады», - деді Қ. Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осы тұрғыда «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсетіндер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.

«Шекті балл өзгерген жоқ. «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, сондай-ақ басқа да жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 18 мамырда осы жылдағы негізгі ҰБТ басталды және ол 5 шілдеге дейін жалғасады.

Биылғы оқу жылына 88 мың грант бөлінді.

Осы жылы ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант конкурсына өткізуге болады.


Соңғы жаңалықтар