Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында интеграциялық үдеріс аясын кеңейту қарастырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысындағы келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралады.

Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатын болады.

Тоқтала кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Армения мен Қырғызстаннан бөлек, басқа да мемлекеттер, интеграциялық ұйымдар тарапынан Еуразиялық одақпен өзара әрекеттестікке қызығушылықтар білдіріліп, ол жоғары перспективалы және нарықтық мүмкіндіктерге ие болатын ұйым ретінде қарастырылуда. Мәселен, сарапшылар бүгінгі таңда Вьетнам, Израиль, Үндістан мен Египет секілді бірқатар мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі мәселенің талқыланып жтқанын алға тартады.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Аталған одақ туралы келісім 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Еуразиялық экономикалық одақ теңқұқылық, мақсатқа сәйкестілік, кезеңділік, прагматизм және ортақ тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған. Оның аясында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізу көзделеді. Сарапшылар болашақтағы интеграциялық тиімділік шеңберінде 2030 жылға қарай Ішкі жалпы өнімнің жиынтық өсімін 900 млрд. доллар көлемінде бағалап отыр.

Соңғы жаңалықтар