Жоғары білім қайтсе қолжетімді болады – вице-премьер пікірі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов білім құны артқан жағдайда қазақстандықтар үшін жоғары білім қолжетімділігін қалай жасауға болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, коммерциялық және мемлекеттік жоғары оқу орындары бар. Комерциялық ЖОО-лар – олар да бәсекелес. Егер олар бағаны тым көтеріп жіберсе, онда студенттер бармайды. Ең алдымен сатып алу қабілетіне қараған жөн. Дегенмен, бізде мемлекеттік гранттар бар. Ол қажеттілік деңгейінде жыл сайын бөлінеді. Педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылығы, ІТ не басқа сала мамандықтарына мемлекеттік грант үнемі қамтамасыз етіледі», - деді вице-премьер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік білім грантын ұтып алу үшін балалар жақсы оқуы тиіс. Ал бұл - ең алдымен педагогтерге, сонымен қатар оқушыларға жүктелетін міндет.

«Грантқа лайық болу үшін жақсы оқу қажет. Міне, бұл меритократия саналады. Қалай болса солай грантты тарату дұрыс емес. Егер адам нашар оқыса әрі қандай да бір жолмен диплом алса, онда ол ертең еңбек нарығында сұранысқа ие болмайды. Сапалы білімге назар аударған жөн. Мемлекеттік қолдау грант беру арқылы қамтамасыз етіледі. Білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәні де осында», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар