Жоғарғы Сотта Венециялық комиссия сарапшыларымен кездесу өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Венециялық комиссияның сарапшылары Сергей Кузнецовпен және Георгий Папуашвилимен кездесті.

Әңгіме барысында тараптар «Конституциялық сот төрелігін қолдау, сот төрелігіне қолжетімділік және Орталық Азия елдеріндегі сайлау реформасы» жобасының шеңберінде қалыптасқан сындарлы серіктестік пен қарым-қатынастың сенімділік деңгейін атап өтті.

Қ.Мәми Мемлекет басшысының қатысуымен өткен судьялардың VII съезінде қабылданған Судьялық әдеп кодексі жобасы бойынша қорытынды әзірлегені үшін алғысын білдірді. Құқықтың түрлі салаларын қозғайтын заң жобалары бойынша Венециялық комиссияның сарапшылық қорытындыларының сапасының жоғары екендігі, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен үздік сот практикасына сәйкес ұлттық заңнаманы жетілдіру бағытындағы тақырыптық зерттеулердің кеңінен қолданылатындығы айрықша аталып өтілді.

Өз кезегінде, С.Кузнецов құқықтық жаңғыртудың өзекті әрі сұранысқа ие тақырыптары бойынша бірлескен іс-шараларды өткізуді Комиссия қызметінің маңызды бөлігі деп атап өтті.

Қ.Мәми Комиссия сарапшыларын билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы, соның ішінде Жоғарғы Соттың енгізген ұсыныстары жөнінде хабардар етті. Олар Конституцияның 79-шы бабына сәйкес судьяларға қойылатын талаптарды тиісті Конституциялық заңға ауыстыру, Конституцияның 81-ші бабына сәйкес Жоғарғы Соттың үш сатылы сот жүйесіне көшуі және кассациялық сатының мәртебесін беруге қатысты. Бұған қоса, еліміздің жоғары сот органы Ұлт Жоспарын одан әрі практикалық іске асыру және  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдарын орындау шеңберінде қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуді ұсынады.

Жоғарғы Сот Төрағасы конституциялық заңдардың мазмұнына, заңнамалық процестің сатыларына, Үкімет мүшелерінің есептілігіне, Конституциялық Кеңестің құзыретіне және басқаларға қатысты заңгерлік қауымдастық тарапынан сындарлы және дәйекті ұсыныстар келіп түсіп жатқанын атап өтті. «Олардың барлығы мұқият сарапталып, қорытудан өткеннен соң ғана Жұмыс тобының қарауына ұсынылады», - деді ол.

Қазақстан Президенті жариялаған конституциялық реформаның маңыздылығы мен өзектілігін айта келе, сарапшылар Конституцияға сот төрелігін жүзеге асыру саласы бойынша ұсынылған түзетулер мәселелеріне қатысты сарапшылық пікір дайындауға әзірлігін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастыру мен ынтымақтастық аясын кеңейтудің қажеттілігі мен маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.

Соңғы жаңалықтар