Жоғарғы Сотта бірқатар кадрлық өзгерістер болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми жоғары сот органының судьялар корпусы мен аппаратына Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің жаңа басшысын таныстырды.

 Бұл қызметке бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған Шәріпов Нұрсерік Кәрімұлы тағайындалды. Оның кандидатурасы Жоғары Сот Кеңесінің отырысында мақұлданды, сондай-ақ, Президент Әкімшілігімен келісілді. Департаменттің бұрынғы басшысы А.Тоқсаба басқа жұмысқа ауысты.

Департаменттің жаңа басшысын таныстыра келе, Қ.Мәми: «Нұрсерік Кәрімұлы Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген сот жүйесінің барлық соңғы реформаларының өңірдегі тікелей орындаушысы болды. Оның көп жылғы судьялық өтілі және соттар жұмысын ұйымдастыру бойынша тәжірибесі бар. Осыны ескере отырып, оны тұтас сот әкімшілігі жүйесінің басшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды», - деді. 

Қ.Мәми Абай Тоқсабаның атқарған жұмысына алғысын білдіріп, оның республика судьяларының VII съезін ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесін атап өтті және алдағы жаңа қызметіне табыс тіледі. Жоғарғы Сот Төрағасы А.Тоқсабаға ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» ведомстволық медалін табыстады.

Сонымен қатар, Қ.Мәми Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының жаңа ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Қаудыров Төлеш Ерденұлын таныстырды.

«Төлеш Ерденұлының ғылыми-академиялық салада ұзақ жылғы тәжірибесі бар, бірқатар жоғары оқу орындарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық Кеңестің мүшесі болып табылады. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақ гуманитарлық-заң университеті институтының директоры болып қызмет атқарды», - деді Жоғарғы Сот төрағасы.

Теория мен сот практикасын өзара байланыстыру мақсатында Сот төрелігі академиясының вице-ректоры лауазымына судья, заң ғылымдарының докторы Раззақ Нәзиля Раззақбайқызы тағайындалды. Осы уақытқа дейін Н. Раззақ Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі соттың төрағасы болып қызмет атқарды.

Қ.Мәми Сот төрелігі академиясы Ұлт жоспарының 18-қадамын іске асыру мақсатында құрылғанын, оның негізгі міндеті жаңа формациядағы судьяларды даярлау және сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу болып табылатындығын атап өтті. Дәл осы себептен Академия басшылығы ауыстырылды. Таяу уақытта жоғарыда аталған барлық міндеттер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.

 Сот төрелігі академиясының бұрынғы басшылығы атқарып отырған лауазымдарынан өз еріктерімен босатылды.

Жоғарғы Сот төрағасы жаңадан тағайындалғандардың барлығын құттықтай келе, оларға алдағы қызметтерінің табысты әрі жемісті болуын тілеп, жақын арада олардың атқаруы тиіс басым міндеттерін айқындап берді.

Соңғы жаңалықтар