Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес пен мамандандырылған сот алқасы құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңын қабылдады.

Құжат бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заң нормаларын Азаматтық процестік кодекс жобасына сәйкес келтіретін түзетулер енгізілмек.

«Атап айтқанда, сайлау туралы заңға Орталық сайлау комиссиясымен келісілген 8 түзету енгізіліп отыр. Бұл ретте кодекс жобасында азаматтардың сайлау құқықтары бойынша шағым жасау институты енгізілетіндіктен, аудандық соттар шешімдерінің түпкілікті болып табылатындығы туралы ереже алынып тасталады. Сонымен қатар, сайлау комиссиясының сайлаушылар тізіміне қосу, алып тастау және онымен таныстыру туралы тізімге өзгеріс енгізу секілді әрекеттеріне шағымдану туралы арыздарды сот келіп түскен күні қарайтын болады. Сот шешіміне шағымдануға да болады»,- деді ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ұлболсын Сүлейменова.

Оның айтуынша, заң жобасымен Жоғарғы Соттың құзіретін кеңейтетін түзетулер де енгізіліп отыр. Бұл ретте Жоғарғы Соттың қарауына Орталық сайлау комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне дау айтуға қатысты барлық істер жататын болады.

Бұдан бөлек, Жоғарғы Сотта мамандандырылған сот алқасын құруды көздейтін нормалар да қамтылып отыр. Жаңадан құрылатын алқаның құзыретіне ірі инвесторлардың дауларын бірінші сатыда қарау енгізіледі. Сонымен қатар, алқаның судьялары Орталық сайлау комиссиясының іс-әрекеттеріне шағымданған істерді де қарайтын болады. «Сонымен бірге, ҚР Жоғарғы Соты жанынан халықаралық кеңес құру да қарастырылады. Бұл жаңа консультативтік орган болып табылады. Ал шетелдік және отандық мамандар қатысатын ол халықаралық кеңестің инвестициялық дауларды қараудағы консультациялары ұсыным сипатында болады», - деді Жоғарғы Сот судьясы.

Бұдан бөлек, заң жобасымен Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға бағытталған түзетулер де енгізілген. «Атап айтқанда, азаматтардың сот төрелігіне қол жетімділігін оңайлату үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру мақсатында бес сатылы сот төрелігі жүйесін үш деңгейлі жүйеге (бірінші, аппелляциялық және кассациялық сатылар) көшуге қатысты түзетулер қрастырылған», - деді Ұ. Сүлейменова.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар